Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Латын әліпбиіне оралу-түбі бір түркі жұртымен жақындасу» атты конференция өткізілді.
Онлайн және офлайн форматта өткен басқосуға қаламыздағы мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, аудандық кітапхана, Мәдениет үйі қызметкерлері, қала, ауылдық округ әкімдіктерінің тілге жауапты мамандары, жастар ресурстық орталықтарының нұсқаушылары қатысты. Тіл білімі институты фонетика бөлімінің аға ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Жұмабаева Жанар Төлендіқызы ZOOM форматымен қосылды. Конференцияны «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының жетекшісі Кәмнұр Тәлімұлы ашып, жаңа қазақ латын әліпбиін жазу реформасы ұлттық жаңғырудың бастамасы ретінде қоғамның жақсы қабылдағанын айта келіп, алайда жазу барысында кейбір әріптердің қиындық тудырып, екіұшты оқылатынын тілге тиек етті. Осы мәселе жөнінде пікірін білу үшін сөзді Жанар Төлендіқызына берді.
Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі қандай болуы керек деген сауалдың айналасында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында бірнеше жылдар бойы зерттеу жұмысы жүргізілген болатын. Нәтижесінде 2016 жылы «Жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын реформалау» атты монография шықты. Осы еңбекте тілші-ғалымдар әліпбиді анықтаудың бірнеше лингвистикалық белгілерін көрсетеді, — деген ғылыми қызметкер соның бірнешеуіне тоқталды. Мысалдар арқылы көрсетті. Сонымен қатар «Латыннегізді қазақ әліпбиінің кейбір мәселелері» тақырыбындағы баяндамасын оқып, талқылап берді.
Ұлбосын Ақжігітова,
аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы