ҰЛТТЫ СҮЮ — ҰЛЫЛЫҚ

ҰЛТТЫ СҮЮ — ҰЛЫЛЫҚ

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да
себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы — тіл.
Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады,
өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер
әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады.
Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған
жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы
құрымай жоғалмайды».
Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ 

Мен — әдебиет сыншысы немесе басқа бір қоғамдық-әлеуметтік топтың өкілі емеспін. Мен — азат елінің өткеніне үңіле көз салып, ертеңіне бей-жай қарай алмайтын, бүгініне алаңдаған жас ұстазбын. Алдында бір-бір тағдыр мөлтілдеген педагог­пын. Менің санамдағы ұлтты сүю сезімі бесіктен бастау алса керек. Халқымыздың асыл аналарының бірі, атақты қолбасшы-жазушы Бауыржан Момшұлының келіні — Зейнеп Ахметова апамыздың мына бір сөзі ойыма оралып отыр: «Қазіргі жастар тексіз болып барады. Жастарға осы «тектілік» сөзінің мәні мен маңызын түсіндіру керек» деген…

Сынаптай сырғыған уақыт көші тоқтар емес. Замана бет алысын бағамдай алмай, қайда бет алып бара жатқанын білмей абдырап, бағытынан адасқан, осынау бір жанымызда қазақты сүюге орын қалды ма екен, осы? Қазіргі мақсат — ұлттың жоғын жоқтап, кемшілігін түзетуге ұмтылу. Ұлттық рух болмай, шынайылық та болмас. Бізде көп жағдайда билікті кінәлау басым. Дұрысы дұрыс қой, енді. Қызметте отырғандардың бәрі ел тағдыры үшін жауапты. Бірақ біз, Тәуелсіз қазақ елінің азаматтары не істеп жүрміз? Өз ұрпағына ата шежіресін, ана тілін, жеті атасын, тарихын, әдебиеті мен мәдениетін түсіндіріп, қыз әдептілігін, ұлт айбары мен кешегі есіл ерлердің ерлігін балаларға дұрыстап жеткізе алдық па? Қазіргі қазақтың болмысын ет жеп, Наурыз мейрамын тойлап, атқа мінумен әбден шектеп тастағанбыз. Қазақтың қазақтығы өз ішінде, оның жанына бітуі керек. Үлкенін ардақтаған, салт-санасын бағалаған ел едік. Бүгінгі замандастарымыздың өзі салт-дәстүрімізді, қазақылығымызды ескіліктің жұрнағы деп қабылдайды. Неге? Себебі, негізден айырылып қалған. Қазір сатқындар, жағымпаздар, өтірікшілер көбейіп кетті. Олар қазаққа жаны ашиды деп ойламаймын.«Қазақты сүю, қазақтың қадірін білу немен өлшенеді?» деген сұрақ бұрыннан мазалайтын. Қазақты сүю үшін түсіну керек. Ал бірақ оны түсіну қиын! Мен өз ұлтымды сүйетін азаматша ретінде айтарым, елге еңбек еткің келсе, оны жарнамалаудың, жария етудің қажеті жоқ. Қолдан келген көмегіңді аяма. Қазаққа айтылған әрбір сын бізді ұлт ретінде қайрай түсуге тиіс. Біз енді ғана әлемдік аренаға шығып, халықаралық деңгейде үлкен-үлкен жетістіктерге жетудеміз. Алдымен, соған тәубе деуіміз керек. Екіншіден, қазақты өзге ұлттар сыйлау үшін біз өз-өзімізді сыйлауымыз қажет. Сонда ғана, беделді боламыз. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін…» демеп пе еді, атам қазақ. Бедел өздігінен келе салмайды, оған да өсіп, жету керек. Қазақты шын сүйген кезде ғана, Біз өз-өзімізді тани бастаймыз… Қазіргі кездегі ең қажетті нәрсе — осы!..

Десе де, бақытымызға орай, педагог ретінде, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бұл мәселеде өз үлесімізді қосуға мүмкіндік басым. Күн сайын партада отырған жәудір көздерді алпыс екі тамырында қазақы қан тулаған, жаны мен жүрегі қазақ деп соққан ұлан етіп тәрбиелеу, солардың санасына ұлттық ұғымды молырақ енгізуіміз керек. Өз басым осы мақсатта не істей алып жүрмін және болашақта не істей аламын? Ұстаздық жолға қадам басқан, жалпы осы салада жүрген барша әріптестерім осы мәселе төңірегіне жұмыс жасаса, шіркін!.. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, еңбектене білсек деймін.

Сөз басында ұлтымыздың ұстанымы — Ахмет Байтұрсынұлының құнды пікірінен үзінді келтіріп өткенімдей, ұлтты сүйе білу сезімінің алғышарты — тіл мәселесі. Өзінің ана тілінде ғана сөйлеген ұрпақ өзінің тіліне ғана адал қызмет ете алады. Тілге адал қызмет еткен сәттен бастап, ұлтсүйгіштік шынайы сипат ала бастайды.
Жер бетінде қазақ деген ұлттың мәңгі ғұмыр жалғап, азаттығынан алыстамауы үшін біз — барша тіл маманы тапжылмай еңбек ете білейік! Мен өзімнің барша әріптестерімді, замандастарымды тіл үшін еңбек етуге, ел болашағының дәлелі, кепілі боларлық ұлы жолда талмай, тынбай жұмыс атқаруға шақырамын! Ұлтын сүйген ұландарымыз көбейсін! Ұлтсүйгіштіктің жүректен басталып, алпыс екі тамырда бүлкілдеп, қанымызда тулаған сәттері көбейсін! Ұлтымыз да, ұлтсүйгіштігіміз де тұғырлы болсын!

Еркін Сымбат,
№32 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі