Ата өнері – балаға мұра

Ата өнері –  балаға мұра

Мұнаралы әр жерде Мешіт болған бұл ағаш, Шеберлердің қолында, Кәсіп болған бұл ағаш, — деп жыр дүлділі Қашаған жырау кезінде сонау бір Есқали сұпының «бұл не қылған қу ағаш, қайдан келді бұл ағаш?!» дегеніне қарсы ағаштың қадір-қасиетін айтып осылайша жыр төккені бар еді. Бүгінде сол ағаштан бұйым жасауды жаңғыртып, қазақтың осы бір өнерін дамытып, бабалардың өнегелі жолын жалғаған қолөнер шеберлері аз емес.

Сол ерекше қолөнер ісмерінің бірі – Мағзұмов Мақсат Мұқамжанұлы. Ол 1974 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданына қарасты Қақпақ ауылында дүниеге келген. 1992 жылы сол ауданға қарасты Көксай орта мектебінен білім алып, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Бейнелеу өнері, ағашты және металды көркемдеп өңдеу» мамандығы бойынша оқуға түседі. 1997 жылы жоғарғы оқу орынын бітіргеннен кейін Райымбек ауданы Көксай орта мектебіне еңбек пәнінің мұғалімі болып орналасып, еңбек жолын бастайды. Одан ары қарай Алматы қаласындағы №147 гимназияда, 2004 жылдан осы уақытқа дейін Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясының «Сәндік қолданбалы өнер» кафедрасында оқытушылық қызмет етіп келеді. Талғар ауданының Талдыбұлақ ауылына қоныс аударған қолөнерші қәзіргі таңда жеке шеберханасын ашып, жұмысын жандандырып отырған жайы бар.

 

Жалпы, кейіпкеріміздің бойында ұлттық намыс, ұлттық рух атойлап тұр. Ұлтының мерейі әр уақытта үстем болсын дейтін азамат. Технологиялық идеяларын, ойларын ірікпейді. Әңгіме барысында болашақ жастарымыздың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіріп, ұмыт болып бара жатқан қолөнер туындыларын жандандыру мақсатында шәкірттер тәрбиелеп шеберханамды кеңейтсем деген жоспарын да жасыр­мады. Ұлттық болмыс пен дүниетанымы көрініс тапқан дүниелерді келер ұрпаққа аманат ету үшін шәкірт тәрбиелеудің маңызы зор екені анық. Тіпті қазақтың кез келген баласы бала күнінен қолөнер­ге жақын болып, қамшы өріп, тері илеп, зергерліктің қыр-сырын түсіне білу керек. Сондықтан, осынау асыл өнерді жастарға дәріптеп жүрген ағаларымыздың еңбегі ерен. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық рухты, патриоттық сезімді атадан балаға мұра болып қалған өнер арқылы сіңіре біле­тінімізді ұғынғанымыз да жөн шығар.

Әсілі шеберлік өнер кез келгеннің бойына қона бермейтіні белгілі. Бұл атадан балаға берілетін ерекше қасиет, қанмен келетін қабілет болса керек. Бүгінде ата кәсібіміздің мерейін көтеріп жүрген Мақсат Мұқамжанұлының нағашы жұртынан былғарыға ою салып, қолөнерді кәсіп еткен аталары болса, өз жұрты да қолөнерден құр алақан болмаған екен. Арғы атасы ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген шебер кісі болыпты. Бала күннен сол өнерге қызығып өскен Мақсат та өскенде де сол кәсіпті серік етеді. Кәсібінің нәсібін көріп отырған Мақсат атақты қолөнер шебері, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Жолаушы Тұрдығұловтың шәкірті. Ол жеке шеберханасында екі шәкіртімен бірге ағаш бұйымдарынан күнделікті қолданатын заттар мен музыкалық аспаптардың түр-түрін жасап, халық игілігіне ұсынып отыр. Бұйымдардың бағасы қалта, сапа­сы сын көтерерлік. Пайданылған материалына байланысты бағаланады. Поли­сандра, Тянь-Шань шыршасы сияқты шет елдерден тасымалданатын ағаштардан жасалған домбыралардың бағасы қымбаттау болса, өз елімізде өсетін жаңғақ қарағаш, қайың секілді ағаштардан жасалатын аспаптардың бағасы орташа. «Шыдамы жеткен шебер болар» демекші, ағаштан бұйым жасағанда әр ағашқа тән ерекшеліктері, атап айтсақ ағаштың қаттылығы, сал­мағы, тығыздығы, иілгіштігі, серпімділігі, түсі, тұтқырлығы, жарыл­ғыш­тығы, шайырлығы, дыбыс өткізгіштігі сияқты қасиеттерін басты назарда ұстайды.

Соңғы уақытта қатты сұранысқа ие болып тұған дүние ол – киіз үйдің ішіндегі жиһаздар екен. Кебеже, сандық, күбі, төсек, жүкаяқ, адалбақан, жастықағаш, асадал секілді қазақтың көне тұрмыстық дүниелерін жасап, халықтың оң бағасына ие болып отыр. Одан бөлек былғарыға ою басып, түрлі бұйымдарды жасауды да қолға алып жатқан қолөнерші: «Былғарыдан жасалған бұйымдар да қәзіргі таңда көп сұраныста. Болашақта осы өнерді тастамай, атадан қалған асыл мұраларымыздың мирас болып қалуына өз еңбегімді қосамын. Тек қана ағаш бұйымдарын жасаумен шектеліп қалмай басқа да былғары, тері сияқты табиғи шикізаттарды пайдалана отырып, тұрмыстық бұйымдарды да жасап, халықтың қажеттілігін қамта­масыз етсем», — деп алдағы мақсат-жос­парларымен бөлісті.

Мақсат Мағзұмов секілді шеберлер­дің қайталанбас дүниелеріне қарап, мұндай өнімдердің тұтынушысын табарына шүбә келтірмейсіз. Оның үстіне қазір ағаштан жасалған бұйымдар, күнделікті қолданыстағы ыдыстың өзі экологиялық жағынан таза болып келеді. Ұлтымыздың ұлылығын паш ететін туындыларға сұраныс едәуір артуда. Шеберлер де үздіксіз ізденістен жалықпақ емес.
Қазақ халқының қолөнері ғасыр­лар бойы дамып келе жатқан халық мәдениетінің айнасы. Иә, қазақ даласын­да ұлы өркениеттердің болғаны тарихтан мәлім. Сол өркениеттердің өріс алып, кең қанат жаюына сүбелі үлес қосқан өнердің бір түрі – қазақтың зергерлік, ұсталық, ағаш өңдеу сияқты қолөнері екендігін ешкім де жоққа шығара қоймас. Қай халықтың болмасын ұлт­тық колөнер бұйымдарына қарап сол халықтың мәдениеті мен дәстүрін байқауға болады.
Олай болса, «Үкілі домбыра» секілді конкурстарға қатысып, халықаралық деңгейдегі ұлт­тық көрмелерден бой көрсетіп, ұлттық өнерді дәріптеп жүрген шебер­лерге шабыт тілейміз.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»