Тарихқа көз жүгіртіп қарап отырсақ, ғасырлар бойы жүргізілген азаттық соғысының бәрі де қазақ жерінің еркіндігі мен тұтастығы жолындағы соғыстар екен. Әріге бармай-ақ кешегі Жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізілген майдан, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама қасіреті, қазақ хандығын құру жолындағы жорықтар, Алаш ардақтыларын түгелдей жалмаған Кеңестік кезеңнің қызыл қырғыны, 1986 жылы Желтоқсанда асқақ жігермен қызыл империяның тегеурініне қарсы шығу бір ғана мақсатты – қазақ халқының тәуелсіздігі мен еркіндігін көздеген кезеңдер еді. Тәуелсіздік қазақ халқына ауыр күрестермен келгенін тарих беттерін қайта ашқан сайын көрініп жатыр.
Иә, біз тәуелсіздікке қантөгіссіз қол жеткіздік. Десе де оны орнықтыру, халықтың әл-ауқатын артырып, ел экономикасын қалыпқа түсіру оңай болды деп айта алмас едім. Ішер ас пен киер киімнің өзі қат дүниеге айналып, тығырыққа тірелген тұстарымызды бастан өткерген тәуелсіз Қазақстан құру жолындағы қиындықтарды аға ұрпақ өкілдері әлі ұмыта қойған жоқпыз. Бірақ, барша халықтың жігерін жанып, алғы күнге деген сенімдеріне селкеу түсірмеген жалғыз ғана жағдай, бір ғана құдіретті күш болды. Ол – еліміздің тәуелсіздігі еді. Отыз жыл ішінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы мен әлемдік қауымдастықтың алдында өзін бейбітшіл, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде танытып, өзгелермен терезесі тең елге айналды. Біздің ендігі міндетіміз – ата-бабаларымыздың қанымен, Алаш ардақтыларының құрбандығымен, мыңдаған боздақтарымыздың азабымен келген осы тәуелсіздікті жоғалтып алмай, кейінгі ұрпаққа аманаттау.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Біздің мақсатымыз келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» — деп жазған болатын. Біз үшін аса қастерлі ұғым Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың сан ғасырлай бойы аңсаған арманы. Қазақ даласының кез келген жерінде олардың азаттық жолындағы тарихи жорықты жолдары сайрап жатыр. Тәуелсіздік – ең әуелі елі мен жерінің теңдігі мен кеңдігі үшін талай басқыншы жаумен арпалысып өткен бабалар ерлігінен бастау алады. Мемлекеттік мүдде мен ұлттық құндылықтар құстың қос қанатындай болуы шарт. Қос қанат бірге қағылып, бірге жайылмаса ұшып барып қонар жеріңе де жете алмасың анық. Сол сияқты мемлекеттің мүддесін қашан болсын ұлттық мүддемен ұштастыра жүргізбейінше қазіргідей жаһанданудың қатал кезеңінде толыққанды мемлекет болып түбегейлі орнығып қалудың өзі қиынға соғары анық. Бүгінгі күні ұрпақ тәрбиесі ең маңызды, әрі өзекті мәселе болып отыр. Оларды ұлттық құндылықтарымыздың негізінде тәрбиелеуге аса мән беретін кез келді. Өйткені, еркін елдің азаматымыз деп тым еркінсіп бара жатқан жас буынның санамызға сыймайтын кейбір әрекеттерін көріп, қынжылып қаламыз.
Тәуелсіздігіміздің басты белгілерінің бірі – мемлекеттік тіл. Ал, ана тіліне деген құрмет отбасынан басталады. Қазақ тілі ең алдымен өзімізге керек. Оны өзіміз дамытпасақ, өзгелер қайтсін?! Ұлттық қасиетіміз бен құндылықтарымызды ұлықтап, намысымызды оятқан, әлемге қазақты азат сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған осы Тәуелсіздіктің баянды болуына әрбір қазақ перзенті жауапты болмақ.
Тәуелсіздік! Әр адамның, әр халықтың көздейтіні – еркіндік, азаттық! Сондықтан да әрбір қазақ үшін тәуелсіздіктен асқан қастерлі ұғым жоқ!
Биыл Тәуелсіздікке 30 жыл. Бүгінгі күні бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу үшін ең алдымен өзіміздің ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан салт-дәстүрімізді, шұрайлы тіліміз бен мәдениетімізді көздің қарашығындай сақтай отырып, өскелең ұрпақты осы асыл қазынамыз арқылы рухани адамгершілкке тәрбиелеу – кезек күттірмес міндеттердің бірі. «Отан – отбасынан басталады» деген жақсы сөз бекер айтылмаған. Әрбір үй, әрбір отбасының тілегі мен білегі, Отанға, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігімен ел дәулеті ұлғайып, экономикамыз қуаттай түсетіні белгілі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі» деген сөзі бүгінгі күнге берілген әділ тұжырым. Жаңа ғасыр шын мәнінде білімді жастардың жыры. Өскен, өркендеген, жылдам дамып бара жатқан ұшқыр кезеңге жастар лайықты болулары керек.
Ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл толып отыр. Мемлекет алдында тұрған ендігі мақсат – «Мәңгілік ел» болу үшін әлеуметтік-экономикалық және мәдени руханиятымыздың негізін нығайту. Ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздік деген сөздің өзінде қаншама мән-мағына жатыр десеңізші?! Бұл – әрбір қазақ үшін қадірлі. Тәуелсіздіктің арқасында тәуелсіз ұрпақ өсіп келеді. Мемлекет басшысының «Егемендігіміздің мәңгілік ұштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек» — деген сөзі әрбір қазақ азаматының жүрегінде болуы керек деп ойлаймын. Тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін бағалап, жақсылыққа игі істерімізге қуана білейік. Ел үшін маңызды құндылықтарымыз – тәуелсіздігіміз, келісім мен бірлігіміз нығая берсін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын ағайын!
Матан Бекбосынов,
Талғар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы