ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТАЛАПТЫ ҰЛЫ

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ  ТАЛАПТЫ ҰЛЫ

Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Бұл – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін тәуелсіздік күші – ең қадірлі күш. Бүгін Қазақстан әлем назарында, өзінің болашағынан үлкен үміт күттіретін, жері, халқы бай ел. Міне, осылай 1991 жылы дүниеге келген Тәуелсіздіктің төл құрдастары 30 жаста. Бүгінде бірі мұғалім, бірі спортшы, енді бірі кәсіпкер ретінде әр саланың тұғырын тізгіндеп, елдің дамуына үлес қосып келеді.

Арманы асқақ, Отанға деген ыстық сезімі бар, өресі биік, мақсаты зор Тәуелсіздік құрдастары жетерлік. Солардың бірі – Нүсіпжан Ержан Қуатұлы. Дарынды жас бүгінде үлгілі ұстаз, Тәуелсіздік құрдасы елмен бірге өсіп, қатарластарымен бірге өркендеп келе жатқанын мақтан тұтады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің сөзінше отбасында оның туған күні ерекше мереке, себебі әр туған күндегі құттықтау сөздері тәуелсіздік құрдасының мойнына жауапкершілік артып, іргелі мемлекет үшін мақтаныш сезімін еселейтінін анық байқадық.Ол Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары, 2011 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, диплом алған. Педагогикалық өтілі – 9 жыл. Талғар ауданы №14 орта мектебінде 7 жылдан бері директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етіп келеді.

Жұмыстағы алға қойған өзекті мәселесі «Озық педагогикалық технологияларды пайдалана отырып, әлемдік өркениетте өз орнын таба білетін бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелейтін ұстаздар қалыптастыру». Ержан туралы айтар болсам, теориялық білімі бар, өз саласы бойынша оқыту әдістері мен тәсілдері жақсы. Әр білім беруші маманмен дұрыс қарым-қатынаста жұмыс жасай алатын білікті маман. Сонымен қатар өзіне жүктелген әр ісіне жауапкершілікпен, шығармашылықпен қарап, ұстаздарға үнемі «Азаматтық тәрбие беріп қана қоймай, оқушыларға жоғары адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға ерекше көңіл бөліңіздер» деп айтып отырады. Себебі бүгінгі ұрпақ ертеңгі болашағымыз. Қоғамдық жұмыстың бала тәрбиесіндегі алатын орнының аса маңызды, әр кез қоғамдық жұмысқа қатысуды және оқушыларды бейімдеуді өзінің азаматтық борышы деп санайды. Ержан 2020 жылы өз мектебінде М.Мақатаевтың кабинетін ашылуына мұрындық болып, ақын атына жеке кабинет ашқанын біз мақтан етіп айтып жүреміз. Сол кабинетте жыл сайын ақынды еске алу кеші ұйымдастырып, оқушылардың шығармашылығын шыңдап келеді.
Жұмыстан тыс кезінде домбыра мен термелер орындап, өлең шығарады. Мектеп оқушыларын ақындыққа баулу мақсатында, М.Мақатаев, А.Құнанбаев сынды тұлғаларға арнап кештер ұйымдастырып тұрады.

Мөлдір Абатайқызы,
«Талғар ауданының жастар ресурстық орталығы» маманы