Ертеңгі болашағымыздың иесі – қазіргі тәрбиелеп отырған біздің алдымыздағы балапандар. Сол үшінде баланың тілінің дұрыс қалыптасуы, сөйлеу мәдениетін, ұлт тәрбиесін баланың бойына жастай сіңіру әрбір Қазақстан азаматының міндеті.
Т.Бокин көшесінде орналасқан Алдатаева Жазира Халенқызы басшылық ететін МКҚК «№3 балабақша» қызметкерлері жас бүлдіршінді ұлттық салт-дәстүрмен сусындатып, өз елін, өз тілін сүйіп өсуге және оны мақтан тұтуға тәрбиелеуге барлық күш жігерін салуда.
Баланың жеке тұлға ретінде дамуы өзіндік көзқарасының қалыптасуы, ой-өрісінің кеңеюі балабақша қабырғасынан басталады. Балабақшада балаларға қызығушылық пен көтеріңкі көңіл күй туғызатын, түрлі шығармашылық тақырыптарға толы ашық ақпараттық ортаны пайдалану кеңінен қолданылады.
Біздің басты мақсатымыз – ой өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейде, дүние танымы жоғары, жан-жақты қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеу.
Жақында ауданаралық өткен «Тәрбие басы — тіл» атты байқауға қатысып бүлдіршіндеріміз жүлделі орынға ие болды.
«Жасқанат» мектепке даярлық тобының бүлдіршіндері Оспанжан Амина Бас жүлдеге ие болса, Бақытжан Даниял,Құрманғали Аяна бірінші орынды, Рысмұханбет Айя, Бейсембай Мирас екінші орынды иеленді.
«Балдәурен» мектепке даярлық тобындағы бүлдіршіндеріміз Кенжебек Дания екінші орын, Сабыр Іңкәр үшінші орынға ие болды.
Балаларымыздың осындай жетістікке жетуіне үлес қосқан тәрбиешілеріміз Ерғали Салтанат, Нұрбекова Маржан, ән жетекшісі Көпесбаева Гүлмира, би жетекшісі Естеусіз Тоғжанның және ата-аналарымыздың еңбегі. Балабақшада ата-аналармен тығыз байланыста болу жолға қойылған.
Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері күніне орай өткізілген республикааралық «Ана тілің — арың бұл» челенджіне де бүлдіршіндеріміз белсене қатысты.
«Ел болам десең — бесігіңді түзе» деген халық даналығы тегін айтылмаған.
Еліміздің болашағы балаларымыздың, ертеңгі Егеменді еліміздің туын тік ұстап, ұлтымыздың абыройын асқақтатуға, ана тілімізді дәріптеп туған тілде сөйлеуі болашағымыздың кепілі. Ұрпағымызды соған лайықты тәрбиелеу біздің міндетіміз.
Бикен Дастарқызы,
МКҚК « №3 балабақша» әдіскері