Басты ұстанымы: БОР. ТАҚТА. ОҚУШЫ.
Жыл он екі ай қарбалас шаруасы таусылмайтын ауылда мұғалім болудың өзі асқан еңбекқорлық пен қажымас-қайраттың үлгісін көрсетсе керек. Үйдің тірлігімен қоса түздің тәрбиесіне де бей-жай қарамайтын ондай жандар анау бір жылдарғы өтпелі кезеңде де мамандығына адалдық танытып, балаға білім беруді басты шартымыз деп тани білген. Ал ол кездері нарықтың қыспағы қос өкпесінен қысып, санасын тұрмыс билеген қаншама ұстаздар мектептен алыстап, ала дорба асынып кеткені өтірік емес. Бірақ, біздің кейіпкеріміз Жилисбаева Ғалия Мұқанқызы мамандығын шексіз сүйген адал ұстаздың бірі. Нұра ауылындағы №12 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі.
Талғар ауданына қарасты Туғанбай ауылының тумасы Ғалия Мұқанқызы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. 1988 жылы қолына диплом алысымен жолдамамен Нұра ауылына келеді. Нұра – аудандағы шеткі ауылдың бірі. Арнайы автобус қатынамайды, өркениеттің ол кезде әлі шеті де көрінбеген кезі. Бірақ жас маман шалғайға келдім деп жасымайды, қайта білек сыбана жұмысқа кірісіп кетеді. Алматыда жиған білімін алыс ауылдағы балаларға үйрете бастайды. Ол кезде қазіргідей қолжетімді дайын дүние жоқ. Сабаққа қажетті көрнекі құралдарды түнімен өз қолымен жасайды. Жоспар жазу, балалардың сабағын тексеру, оған қоса мектеп басшылығы тапсыратын жазу-сызу секілді тынымсыз жұмыстар уақытпен санастырмайтын. Себебі белгілі – бала сапалы білім алуы керек. Осының бәрін қиындықпен емес асқан бір сағынышпен еске алған Ғалия апай әңгімесін азаттық алған алғашқы жылдардағы қиыншылықтарға аударды:
– Егемендік алдық деп қуанышымыз қойнымызға сыймады. Бірақ бұл кездері білім беру оңай болған жоқ. Бұрынғы көрнекі құралдар мен оқулықтар тәуелсіз алған елге жарамады. Содан жоқтан бар жасауға тура келді. Ал қазіргі жас мамандарға әлдеқайда жеңіл. Интернет деген қосулы, алдыңда бәрі сайрап тұр. Одан бөлек интерактивті деген тақта бар. Құрал-жабдығыңның бәрі алақаныңда тұр. Осыларға қарап бүгінгінің оқушысы да бөлектеніп кетті. Ұстаздың мәртебесін арттырып, біліктілігін көтеру тұрғысындағы заңның шеті шығып жатқаны да сол заман талабынан туып отыр ғой. Әйтпесе, бұрындары заңсыз-ақ мұғалім деген мәртебелі мамандық иесі еді. Және мұғалімнің алдына қойған бар мақсаты – бор, тақта, оқушы еді. Мен бұл пікірім арқылы қазіргі білім жүйесіне көңілім толмайды деп айта алмаймын. 30 жылдың ішінде экономикамыз алға өскен сайын білім саласы да дамып келеді. Небір талантты балалар білім бәсекесінен оза шауып, еліміздің атын шетелде танытып жатыр. Бұл да болса Тәуелсіздіктің арқасында емей немене,– дейді тәжірибелі ұстаз бізбен әңгімесінде.
33 жылдан бері бір мектепте табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан Ғалия Мұқанқызының өлшеусіз еңбегі ескерусіз қалған емес. Аудан, облыс, республикадан алған марапаттарынан бөлек ұстаз үшін үлкен құрмет саналатын «Ы.Алтынсарин атындағы» төсбелгінің иегері. Өткен жылы «Шебер мұғалім» атанды. Бірақ білікті мұғалім басты марапатым – шәкірттерімнің оза шапқаны дейді. Әсте, ауыл балалары гуманитарлық пәндерге жақын болады да, математика, геометрия, информатика сынды сабақтарға жүрдім-бардым қарайды емес пе? Бірақ, ұстаздың шеберлігі мықты болса бұл қасаң қағида жоққа шығады екен. Оған дәлел, биылғы оқу жылында аталмыш мектепке жас маман болып келген А.Тусупханова мен А.Жемісбек апайдың шәкірттері әрі математика пәнінің мұғалімдері. Байрам Жұмабаев, Сағадат Нұрғазиев сынды оқушылары ұстаз жолын қумаса да ұстаздан алған білімдерін кәдеге жаратып, жеке кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Шәкірттерінің қол жеткізген биіктеріне сүйсіне білетін Ғалия апай ұстаз болу – адам жанының қуанышы деп бағалайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады» – деген еді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – нағыз ұстаздың қолынан келетін шаруа. Сондай биіктен көрініп жүрген кейіпкеріміздің болмыс-бітімі, қабілет-қарымы жас ұстаздарға үлгі-өнеге екені анық.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»