ҚАРИЯЛАР – САРҚЫЛМАС ДАРИЯЛАР

ҚАРИЯЛАР – САРҚЫЛМАС ДАРИЯЛАР

Бас Ассамблея 1990 жылы 14 желтоқсанда 1 қазанды Халықаралық қарттар күні деп қабылдаған болатын. Міне, содан бері бұл мереке біздің елде дәстүрлі түрде аталып келеді. Ғажаптың киесі, құдіреттің иесі, талай сұңқар түлеткен, жүз жырауы жыр төккен, сыр толқыны мен топырағына кие дарыған Талғар өңірінде де қарттарымыздың қатары баршылық. Қазыналы қарттар — кезінде әр саланың саңлағы атанған білікті мамандар. Көргені, көңілге түйгені көп.

Қарттық деген енді қолыңнан ештеңе келмейді деген сөз емес. Қайта әр іске байыппен қарап, өмірлік тәжірибеңді, көрген-түйгеніңді кейінгіге үйрететін, жастарға қолдау көрсетіп, ісімен де, сөзімен де үлгі болатын шақ емес пе? Бүгінде бабалар аманатын арқалаған ұлағатты елдің ұрпақтары мирас өнердің шаңырағын шайқалтпай, ілкі өнерге деген көшелі қошемет пен ілгері ізетті жалғастыруда. Ақсақалын ардақтаған, салт-дәстүрін салмақтаған жасампаз қоғамның ұрпағына баға жетпес асыл қазыналарымызды мирас етіп қалдырып, батылдық пен батырлықты, ұлттық рух пен намысты ту етіп көтерер жалынды жастардың қалыптасуына ықпал ету аға буын ата-әжелеріміздің басты мақсаты болмақ.
Ақсақал айтқан аталы сөз ешқашан аяққа басылмаған. Аймақтағы дау-дамай, ағайын арасындағы ұрыс-керісті сыртқа шығармай, өз орталарында шешіп, туыстықты, бірлікті, елдікті насихаттап жүрген осынау өмірлік тәжірибесі мол, данагөй ақсақалдардың ел ішінде ықпалы өте зор.
Ертеректе жасы қырықтан асқан қазақ қарттыққа бет бұрып, немере бағып, елге үлгі боларлық іс атқаруға тырысқан. «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» деп жасы кішілер оларға құрмет көрсеткен. «Төріңнен қарт кетпесін» деп, той-томалақты батасыз бастамаған, қариялардан бата алуға тырысқан. Бұл үрдіс қазақ арасында әлі де болғанмен, сиреп барады, жаhанданудың салқыны тиіп жатқаны шындық.

«Ақылды қария –ағып жатқан дария» деп тегін айтпаса керек. Асыл қарттарымыз ұлы бәйтерек болса, біз соның бүршігіміз. Қыңырды жөнге, қисықты түзге салған осы қариялар арқылы өмірдің түзу жолын, өнердің білім жолын тауып, біз де бір кірпіш дүниенің тетігі болып қаланатынымыз хақ.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»