Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қоғамдағы әлеуметтік жағдайы осал топтарға барынша көңіл бөліп, мұқтаждықтарынан шығаруды басты назарда ұстайтынын айтты. Бұл әрине біздер үшін үлкен мүмкіндік болар еді. Қаншама көмекке зәру жандар бар. Оларға тек материалды түрде емес, моралды түрде де қолымыздан келгенше қолдау көрсетіп келеміз. Десе де, мемлекет тарапынан назарға ілінетініне қуаныштымыз.
Сонымен қатар, «Ең төменгі еңбекақы көлемін қайта қарайтын күн келді деп ойлаймын.Бұл, бір жағынан, маңызды макроиндикатор деп есептеймін. Ең төменгі еңбекақы көлемі 2018 жылдан бері көтерілмеді.Әлемдегі коронадағдарыс халықтың табысына айтарлықтай зардабын тигізді. Ең төменгі жалақы бойынша Қазақстан ТМД елдерінен төмен», деді Президент. Мемлекет басшысының айтуынша, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы көлемі 60 мың теңгеге дейін көтеріледі.
Әлеуметтік жаңару, даму – орта таптың санының артуына негіз жасайды. Орта тап артқан сайын қоғамдық тұрақтылық та беки түспек немесе ел тыныштығына мүдделі көзі ашық азаматтар артады деген сөз. Бұл еліміздің барынша тұрақты саяси-экономикалық дамуына жол ашады. Бәлкім, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» дәуір сол болар. Лайым, еліміздің келешегі кең, жарқын болсын!
Қарлығаш Құлжанова,
«Самға -Н» мүгедектер бірлестігінің қызметкері