Тіліңнің мықтылығы мың ғасырға
Тарихы тереңнен сыр тартатын Талғарда ана тілін дамыту жауапты сала басшыларының күн тәртібінен түскен емес. Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі қарсаңында басталған тілдер айлығы да сол жауапкершілікті жұмыстардың бірінен. 23 тамыздан 6 қыркүйек аралығында өтетін айлықта 100-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланған. Олардың көбі карантиндік шектеулерге байланысты онлайн түрде өткізіледі. Аудандық кітапханада «ZOOM» онлайн форматында өткен ашылу салтанатын өткізген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева іс-шаралардың басым бөлігі мемлекеттің тіл жөніндегі саясатын жүзеге асыру болып табылатынын жеткізді.
— Тілге жауапты маман ретінде айтарым, кейбіреулер ойлайтындай қазақ тілінің мәселесі тек қазақ тілді қазақтардың ғана мәселесі емес. Бұлай ойласаң оңбай қателесеміз. Бұл – сіз бен біздің, Қазақстанда тұратын барлық этностардың бүгінгі және ертеңгі тағдырын ойлайтын негізгі мәселе. Мұны айтып жатқаным, соңғы кезде әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілді құрметтемеуге байланысты даулар жиілей түсті. Мұның соңы қоғамның ішті тұрақтылығына сызат түсіріп, үлкен дауға алып келуі мүмкін. Сондықтан біз биылғы тілдер айлығының басты ұстанымы ретінде – этностар арасындағы бірлік пен түсіністікті көрсететін дөңгелек үстелдерді, байқауларды, кішігірім конференцияларды жоспарға енгізіп отырмыз. Барлық мекемелер мен білім ошақтары өздеріне берілген іс-шараларды лайықты деңгейде өткізіп, әлеуметтік желіге жүктеулері тиіс. Сонымен қатар латын графикасына көшу мәселесіне де назар аударылады.
Басшының сөзін «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Гүлнар Мамырбаева да қостап іс-құжат мәселесі қазақшаланбайынша тілдің көсегесі көгермейтінін жеткізді.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»