ҚАЛЫПТЫ ӨМІРГЕ ҚАЙТА ОРАЛУДЫҢ ЖОЛЫ

ҚАЛЫПТЫ ӨМІРГЕ ҚАЙТА ОРАЛУДЫҢ ЖОЛЫ

Үмітті үрей билеген осынау тұста індеттен адам жанына араша болар екпе екендігін мамандар айтып та, жазып та жатыр. Десе де айтылған ақпардың ақ-қарасына көзі жетпей егіліп жатқан екпеге қырын қабақ танытып жатқандар да табылып жатыр. Бірақ та тәж тұмаудың торына түсіп тыныстауы қиындап ентігіп айыққан азаматтар екпеден ем қонатынына шүбә келтірмейді. Қазіргі уақытта еліміздің барлық аймақтарында халықты вакцинаға шақыру, ерікті келген елге оны егу жүріп жатқанын білеміз. Бұл бұрынғы қалыпты өмірімізге қайта оралудың жалғыз жолы дейді мамандар. ауданымызда вакцина салу жұмыстарының жүйелі жүруін қадағалау мақсатында әртүрлі жұмыстар жүргізілуде.

Соның бірі Алматы облысы әкімінің орынбасары Б.Байжумановтың бекіткен «Алматы облысында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу» туралы жол картасының 20 — пунктіне сәйкес, Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен Талғар ауданында да мониторинг топ құрылған болатын. Мониторинг тобының мақсаты — вакцинация пункттерін қоғамдық бақылау үшін волонтерлік бақылау топтарын құрып, вакциналарды сақтау шарттары, вакцинациялау процедура ережелерінің сақталуы, олардың жұмысын облыстың аудандары мен қалаларының әкімдіктерімен үйлестіруді қамтамасыз ету, волонтерлік бақылау топтарының жұмысының құрамы мен алгоритмдерін жасақтау. Үкіметтік емес ұйым мүшелерінен құрылған топтың қатарында: аудандық мәслихат депутаты Жасұлан Айтқалиев, аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының кеңесшісі Олжас Әубәкірұлы, аудандық «Талғар»газеттің тілшісі Дархан Мақсатұлы, аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Мөлдір Абатайқызы, Талғар қаласының жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы Ақжолова Дана сынды жастар болатын. Мониторинг тобының жұмысы барысында аудандық емхана мен қаламызда №6 мектеп ғимаратында орыналасқан вакцинация пункттеріне бас сұқты. Апта басындағы ақпараттан білгеніміздей, аудан бойынша жиырма үш вакцинациялау пунктінің қызметіне жүгіну арқылы 68763 тұрғын екі кезеңнен тұратын екпе қабылдаған. Екпе алуға келген еріктінің «Спутник V», «Хайат БАӘ», «Коронавак», «Казвак» сынды вакциналар ішінен көңілі қалағанын салдыруға мүмкіндігі бар.

«ТАЛҒАР-АҚПАРАТ»