Өзге өңірлерге қарағанда спортқа баулитын орындарға кенде емес сияқты көрінетін Талғар ауданында ауызға ілінері – №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі екендігі ақиқат. 1976 жылы құрылып, жұмысын бастаған «Талғар ауданының №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ бүгінгі таңда аудандағы спорттық мекемелердің көшін бастап келе жатыр. Ауданның 17 ауылында әр спорт түрлері бойынша филиалдар жұмыс жасайды.
БЖСМ-де спорттың 17 түрінен 1409-ден астам спортшы жаттығады. 60 мұғалім-жаттықтырушы шәкірттерінің биік белестен көрінуіне белсене еңбек етіп келеді. Олардың ішінде 1 жаттықтырушы — Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері болса, 4 жаттықтырушы — Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері үшеу болса, Қазақстан Республикасының спорт шеберлерінің қатарына біздің мектептен 17 жаттықтырушы кіріп отыр.
Осындай білікті мамандардан тәлім алған шәкірттердің жетістіктері де орасан. Атап айтар болсақ, осы жылдың мамыр айында Алматы қаласында дзюдо күресінен өткен Азия Кубогында 52 кг дәрежесінде Аружан Ережепова 1 орын, 60 кг салмақ дәрежесінде Нұртай Жалын 3 орын иеленді. Джиу-джитсу күресінен Талдықорған қаласында жастар арасында өткен ҚР-ның чемпионатында Тұрсынали Інжу 1 орын алды. Еркін күрестен Тараз қаласында кадеттер арасында өткен ҚР-ның чемпионатында Ақбастау Ақдана 73 кг салмақ дәрежесінде 1 орынды иеленді. Әрине бұл биылғы жылдың озық көрсеткіштері ғана. Бұған дейін де жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жастар қаншама. Шәкірттерді тәрбиелеумен қатар мектеп қабырғасында саламатты өмір салтын ұстану — тек пайдалы ғана емес, сонымен қатар қызық әрі көңілді екенін көрсетуге бағытталған түрлі спорт шаралары ұйымдастырылады. Мектеп басшылығы ұлттық спортты дамыту мен спорттағы жетістіктерді ынталандыруға арналған жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра бермек.
Светлана Урустемова,
БЖСМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары