Әсерлі кеш

Әсерлі кеш

«Абай күніне» орай аудандық кітапхана ғимаратында, «Абай – ұлы тұлға» атты кітап көрмесі өтті.

Кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ризвангүл Төлегенқызы және Талғар ауданының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен көрмеге кітапхана қорынан жинақталған ақынның өлең жинақтары, қара сөздері, хикмет кітабы, сондай-ақ, кемеңгердің өмір жолы, шығармаларына арналған ғалым-жазушылардың зерттеулері мен еңбектері де қойылды.
Іс-шарағаҚазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы, этнограф Нұрлан Сәрсенбаев, Талғар ауданының жастар ресурстық орталығының маманы Мариям Тағыбергенқызы, кітапхананың тұрақты оқырманы Дария Кеңесжанқызы, ауданның белсенді жастары қатысты. Жазушы Нұрлан Сәрсенбаев: «Абай — қазақтың жаңа реалистік жазбаша поэзиясының, әдебиетінің негізін салды. Абайдың ақындық дарыны аса қуатты және сан қырлы. Ол – керемет суреткер ақын және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері. Сонымен бірге біз Абайды ойшыл ақын дейміз, — деп сөзін түйіндесе, Бибі Абатайқызы Абай Құнанбайұлының «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» атты өлеңін жатқа оқыды. Дария Кеңесжанқызы «Көзімнің қарасы» әнін күйсандықта орындады.

Мөлдір Абатайқызы,
аудандық жастар ресурстық
орталығының маманы