«Қалыпқа салма, халыққа сал» деп тегін айтылмаған. Күні кеше, 25 шілдеде еліміз бойынша ауыл әкімдерінің сайлауы болып өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған саяси науқан халықтың өз таңдауын жасауына жол ашты. Әкім-халықтың тірегі, жанашыры, қамқоршысы деп қабылдайды көпшілік. Олай болса, ауыл жұрты өз ортасынан осындай жауапты қызметке қолынан іс келетін, білімді, білікті, адал азаматты таңдауға мүдделі. Бұл сайлау соны көрсетті. Мұның өзі ашықтық пен жариялықтың, демократиялық үрдістің жарқын бір көрінісі болды. Көпшіліктің қолдауына ие болып, жауапкершілік жүгі ауыр әкім қызметіне сайланған азамат ауылдастарының үкілі үмітін, арман-мақсатын, аманатын арқалап, сол ауылдың өсіп-өркендеуі жолында бар күш-жігерін салады деп ойлаймын. Әрине, өзі қалап , сайлаған әкімді халық та қолдап, қандай да түйінді мәселелерді бірлесе шешуге тырысады. Қоғамды жегі құрттай жеп, дамуына зор кедергі болып отырған жемқорлыққа да тосқауыл болады деп үміттенемін. «Әкім бол халқыңа жақын бол» дегендей, елім деп еміреніп, халқым деп қамқорлықпен іс істеген жанның абыройы асқақ, беделі биік болары сөзсіз! Ауыл әкімін халық өзі сайлауы –бұл егеменді еліміздің жүзеге асырып отырған ең бір елеулі , игілікті бастамасы деп білемін.
Қалимолда Байболов,
Талғар ауданының «Құрметті азаматы»