Алматы облысында оқу орталықтары жұмыссыздарды еңбекпен қамтуға және кәсіп бастауға жәрдемдесуде

Алматы облысында оқу орталықтары жұмыссыздарды  еңбекпен қамтуға және кәсіп бастауға жәрдемдесуде
Алматы облысында Өңірлік кәсіпкерлер палатасының жанындағы оқу орталықтарының тізіліміне енген 79 оқу орталығы нарықта сұранысқа ие 200-ден астам мамандық бойынша жұмыссыздарды қысқамерзімді оқытуды жүзеге асыруда. Осы жылы облыс бойынша 1500-ден астам адам жаңа мамандықтарды меңгереді.
Қысқамерзімді кәсіптік оқытумен айналысатын оқу орталықтарының бірі Текелі қаласында орналасқан. Өткен жылдың қорытындысы бойынша оқу орталығы Алматы облысында білімгерлерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші бойынша көшбасшы атанды. Қысқамерзімді оқудан өткен жұмыссыздардың 95,5% тұрақты жұмысқа орналасқан және жеке кәсібін ашқан. Жақында оқу орталығында «аспаз» мамандығы бойынша қорытынды емтихандар өтті. Оқу орталығының жетекшісі Светлана Оңғарбаеваның айтуынша, қазіргі таңда оқу орталығын 18 тігінші мен 20 аспаз бітіріп шыққан. Оқу ұзақтығы үш ай, ай сайын студенттер 20 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады.

 «Біздің оқу орталығымыз Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың арқасында және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен Текелі қаласының жұмыспен қамту орталығының қолдауымен ашылып, үш жыл жұмыс істеп келеді. 2019-2020 жылдары оқу орталығында 115 адам білім алды, оның ішінде 60 тігінші, 35 кассир және 20 аспаз. 110 адам немесе қатысушылардың 95,5% жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 26 түлек өз ісін ашуға грант алды. Ағымдағы жылы біз 18 тігінші мен 20 аспазды оқыттық», — деді Светлана Оңғарбаева.
Қазіргі ағымның түлектерінің бірі — Назгүл Төлендиева. Оқу орталығында ол аспаз ісі бойынша үш айлық курстан өтіп, қаладағы мейрамхана кешендерінің бірінде жалақысы жоғары жұмыс тапты. Емтихан кезінде комиссия мүшелері аспазшының курстық біліктілік жұмысына жоғары баға берді.
Леонид Пак – «тігінші» мамандығы бойынша оқу орталығын тәмамдаған студенттердің бірі.  2019 жылы оқу орталығында біліктілігін көтеріп, Кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалы жанынан «Бизнес Кеңесші» жобасы бойынша оқудан өтті. Жобаны қорғап, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант алды. Бүгінгі таңда кәсіпкер таза былғары мен теріден түрлі бұйымдар жасайды. Бұлар — әйелдер сөмкелері, әмияндар, белдіктер, борсықтар, визиткалар, аяқ киімдер мен басқалар. Шағын цех үш адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Светлана Оңғарбаеваның айтуынша, оқу орталығында мамандық бойынша біліктілікке ие болып қана қоймай, кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, қайырымдылық шараларына белсенді қатысады. Мәселен, өткен жылы пандемия кезінде оқу орталығы 1000-нан астам бетперде тігіп, көп балалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдарға таратты. Жыл сайын студенттер Бөбектер үйінің тәрбиеленушілері үшін киім-кешек тігеді. Сонымен қатар, орталықтың түлектері кәсіпкерлер үшін ашық сабақтар ұйымдастырады.
 «Оқу орталығында ашық сабақтар мен шеберлік сыныптарын жиі өткіземіз. Ол сабақтарды біздің түлектеріміз жүргізеді. Өз ісін ашқан түлектер біздің қатысушыларды іс тәжірибесіне алып, әрі қарай жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі. Биыл студенттердің шамамен 30%-ы оқу орталығн аяқтаған түлектеріміздің нысандарына жұмысқа орналасты. Сондықтан біз барлық студенттермен үнемі байланыстамыз, еңбекпен қамтуға, бизнестің бағытын анықтауға, жобаларын сүйемелдеуге қолдау көрсетеміз», — дейді оқу орталығының басшысы.
«Текелі қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ басшысы Жасұлан Қапалов қалада үш оқу орталығы бар екенін атап өтті. Ағымдағы жылы қысқамерзімді оқытумен 80 адам қамтылады.
Жалпы, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде Бағдарламаның бірінші бағытына сәйкес жұмыс беруші өзінің кәсіпорнында оқу орталығын құра отырып, ҰКП жанындағы оқу орталықтарының тізіліміне енгізілген жағдайда шығындарды өтей отырып, жұмысшы кадрларды дербес дайындауға мүмкіндігі бар.
««Атамекен» кәсіпкерлерге оқу орталығын құру бойынша қажетті қолдау көрсетіп, оқу орталықтарының тізілімін жүргізуде. Бүгінгі күні Кәсіпкерлер палатасы жанындағы оқу орталықтарының тізілімінде 79 оқу орталығы бар, оның ішінде кәсіпорындар жанынан – 37, колледждер жанынан — 35, дербес оқу орталықтары — 6 және жоғары оқу орны жанынан бір орталық құрылға. Оқыту 200-ден астам сұранысқа ие мамандықтар бойынша жүргізіледі. Биыл 1500-ден астам адам оқумен қамтылады деп жоспарлануда. Ережеге сәйкес, оқу орталықтары білім алушылардың 60% кем емес санын жұмысқа орналастыруы тиіс», — деді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметов.
Қысқамерзімді оқуға жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Ол үшін жергілікті жұмыспен қамту орталығына жүгініп, жазылу керек. Кәсіпкерлік субъектілері мен жұмыс істеп тұрған оқу орындары қысқамерзімді кәсіптік оқыту бағдарламалары бойынша оқу орталығын ашу үшін Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінуі қажет.