«Жасыл ел» – жастар тірегі
«Жасыл ел» – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Аталмыш бағдарлама он алты жыл ішінде көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген философияны өскелең ұрпаққа ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды. Уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға үн қатып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары артып келеді.
Бірінші шілдеден бастап «Жасыл ел» еңбек жасағы дәстүрлі көгалдандыру және қаланы қоқыстан тазарту жұмыстарына кірісті. «Жасыл ел» жасағы болу – қазіргі таңда үлкен бедел. Олай дейтініміз, жастар бос уақыттарында еліне қызмет етіп, туған жерін гүлдендіруге, көгалдандыруға атсалысып қана қоймай, жазғы демалыстарын тиімді өткізеді. Бүгінгі күні Талғар ауданы бойынша «Жасыл ел» еңбек жасағының бірінші кезеңінің 23 сарбазы өз жұмыстарын бастап кетті. Қазіргі уақытқа дейін «Жасыл ел» сарбаздары «Киелі Табиғат» жобасы аясында «Таза қала», «Таза көше», «Табиғат біздің – анамыз» атты тазалық жұмыстарын жүргізіп, «Ел тірегі – Елбасы» атты флешмобқа белсене ат салысты.
Биыл жазғы демалыс кезінде жастарды жұмыспен қамту, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, ауданды абаттандыру мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағының құрамына 75 жасты жұмыспен қамту жоспарлануда. Негiзiнен 2013 жылдан бастап бұл бағдарлама аудан көлемінде жүзеге асып келеді. Бағдарлама аясында 16 мен 29 жас аралығындағы жастар қабылданады. Оның құрамында жұмыссыз жастар, мектеп оқушылары, студенттер бар. Жұмыс күні дүйсенбі мен жұма күндері аралығын қамтиды. Сондай-ақ жас жұмысшыларға еңбек шарты мен жұмыс тәртібі түсіндіріліп, еңбек формасы тапсырылатынын да айта кеткен жөн. Сіз де «Жасыл ел» жасақтарында жұмыс жасағыңыз келсе тиісті құжаттарды Талғар ауданының жастар ресурстық орталығына тапсырсаңыз болады.
Қазіргі таңда «Жасыл ел» – жастарды жарқын істерге жұмылдыру мектебіне айналып отырғанын байқаған шығарсыздар. Жастар күшімен еліміздегі экологиялық мәселелерді шешу, елді көгалдандыру – Елбасы өз Жолдауында атап өткендей, игілікті іске айналған.
Сатыпалды Зарина,
Талғар ауданының жастар ресурстық
орталығының маманы