Маңызды мәселелер қаралды

Маңызды мәселелер қаралды

Өткен аптада аудан әкімдігінің үлкен жиынжайында Талғар аудандық мәслихатының кезектен тыс ІХ сессиясы болып өтті. Сессия жұмысына мәслихат депутаттарымен қатар аудан әкімінің орынбасары Барлық Төреханов, ауылдық округ әкімдері, бірқатар бөлім басшылары қатысты.

Өкілді орган жиынына төрағалық еткен депутат Р. Баракова жиналғандарды күн тәртібімен таныстырып, регламентті бекітуді ұсынды. Күн тәртібінде алты мәселе қаралды. Атап айтсақ, Талғар аудандық мәслихатының 2021 жылғы 11 қаңтардағы №0-287 «Талғар ауданының Талғар қаласы мен ауылдық округтерінің 2021-2023 жылдарға арналған бюджеттері туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы; аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 10 қаңтардағы №39-182 «Талғар аудандық учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» шешіміне өзгерістер енгізу; аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 7 наурыздағы «Талғар ауданының қоғамдық кеңесінің құрамын бекіту туралы» №41-191 шешіміне өзгерістер енгізу; Талғар ауданы әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі Кеңесінің дербес құрамын бекіту; Талғар ауданы әкімдігінің дербес құрамын келісу; Талғар ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту туралы мәселелер қамтылды. Бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы Айман Кисибаева түсініктеме берді. Өз баяндауында ол Талғар қаласы мен ауылдық округтердің бюджеті 4 млн. 985 мың теңгеге азайтылып, бюджет көлемі — 1 млрд. 891 млн. 379 мың теңге құрап отырғанын жеткізді. Оның ішінде мемлекеттік қызметтік автомобильдерді күтіп-ұстау жөніндегі шығындар 4 млн. 372 мыңға азайтылған. Со­нымен қатар салық түсімдеріне қатысты кірістер көлемі бойынша да бірқатар өзгертулер енгізілгені айтылып, белгілегенген болжам көрсеткіштері алға тартылды. Шығындар көлеміне де өзгертулер енгізілген. Бұл орайда аудандық бюджеттен қысқы жолдарды тазартудан үнемделген 9 млн. 618 мың теңге қаражат Талғар қаласы, Алатау, Бесағаш, Гүлдала, Қайнар,Тұздыбастау ауылдық округтеріндегі бірқатар көшелердің ой-шұңқырларын тегістеуге жұмсалатыны баяндамада көрініс тапты. Күн тәртібінде қаралған өзге де маңызды мәселелер депутаттар талқысынан өтіп, шешім жобасы бойынша бірқатар ұсыныстар мен ескертпелер айтылды. Жеке-жеке дауысқа салынған әрбір мәселе халық қалаулылары тарапынан қолдау тауып, тиісті шешімдер қабылданды.

Райхан Азимова,
«Талғар»