Қармақшыдан жүлдемен оралды

Қармақшыдан жүлдемен оралды

Мамыр айының 26-29 күндері Қызылорда облысының Қармақшы ауданының орталығы «Жосалы» кентінде Қазақстан Республикасының спортына сіңірген еңбегі үшін «Құрмет» белгісінің иегері Қуаныш Қаражановтың жүлдесі үшін республикалық турнир болып өтті.

Осымен оныншы рет жалауын көтергелі отырған турнирге Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда облысы мен Байқоңыр қаласынан да ең таңдаулы боксшылар келді. Он үш команда бас қосқан турнирдің ашылу салтанатында сөз алған Қармақшы аудандық мәслихатының хатшысы Әділ Қошалақов, Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы» Жақсыбай Жәкеев, Вьетнам соғысына қатысқан жалғыз қазақ Иса Бисеновтер спорт ардагері Қуаныш Қаражановтың Қармақшы спортына сіңірген еңбегі туралы айта келіп, ринг үстіне көтерілетін жас спортшыларға сәтті жеңістер тіледі.

Міне, осы турнирге Талғар ауданынан төрт боксшы барып бағын сынаған еді. Солардың арасынан 63 келі салмақта бақ сынаған №2 орта мектептің оқушысы Төрехан Бекзат төрт боксшымен кездесіп, ақтық айқаста Шымкент қаласынан барған, Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Олжас Әбуталиповпен бетпе-бет кездесіп, тартысты өткен айқаста ұпай санымен басым болып, «турнир жеңімпазы» атанды. Бұл баланы әкесі Ильяс Мамбетрзаев баптап апарған еді. 1999 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан чемпионатында «чемпион» атанған Ильяс Мамбетрзаев спорт бапкері Қуаныш Қаражановтың шәкірті болатын. Енді өзі де жас боксшыларды осы өнерге үйретіп жүр. Ал 70 келі салмақта өнер көрсеткен №3 орта мектептің 7-сынып оқушысы Азамат Құсайнов ақтық айқасқа дейін еш қамшы салдырмады. Ақтық сында Ақтөбе қаласының өкілі Руслан Демеуовты тас-талқан етіп ұтқан Азамат – Қармақшы жанкүйерлерінің қошеметіне бөленді. Осы турнирде 46 келі салмақта күш сынасқан №42 орта мектептің 7-сынып оқушысы Еркін Әрсен Қармақшы ауданының боксшысы Ерболат Сармолдаевты ұтып, жарыстың қола жүлдесін қанжығасына байлап қайтты.

Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге марапаттау қағазы, Кубок, медаль және бағалы сыйлықтар тапсырылып, жарысқа спортшылар әкелген жаттықтырушыларға 10000 теңгеден сыйақы берілді. Жарыстың бас төрешісі, АИБА бәсекесінде қазылық ететін Самал Бисенов, Азия чемпионы, полицейлер арасында Австралия, Америка, Канада жерінде өткен Полицейлер арасындағы әлем чемпионатының үш дүркін чемпионы Өміржан Әбдірахманов, Қармақшы аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің бастығы Нұрбол Мырзабаевтар жарыс соңынан сөз алып, келген қонақтар мен жас спортшыларға жылы лебіздерін арнады. Осы турнирлерге демеушілік еткен облыстағы «Дәулет Тұрлыханов қорының» президенті Жомарт Көшербаев пен «КазМұнайГаз» компаниясының вице-президенті Болат Көшербаевтар көп еңбек сіңіргенін айта кеткен жөн.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар»