Ақынын ардақтады
«Ақынын ұлықтаған ел бақытты» деген ұстанымды ұстанған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Қызыл-Қайрат ауылдық кітапханасымен бірлесе ақын, драматург, Талғар, Райымбек аудандарының «Құрметті азаматы», ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Мұса Жанәділовтың 80 жылдық мерейтойына арналған әдеби сазды кеш ұйымдастырды.
Қызыл-Қайраттағы Мәдениет үйінде өткен кешті көмейінен көркем сөзді өрнектеген ақын Камнұр Тәлімұлы жүргізіп, бұл кештің әдебиеттің, мәдениеттің кеші екендігін нақтылап берді. Жас кезінен-ақ құлаш-құлаш мақала жазып, келелі, терең ойларымен әдеби ортаның назарын аудара білген Мұса атаның ақындық қырына, драматургтық қасиетіне тоқталды. Кемеліне келе төгілген кіріспе сөзден кейін мектеп оқушылары ақын аталарының жырын жатқа, нақышына келтіре оқып, кеш шырайын кіргізді.
Мерейтой иесін құттықтаушылардың легін аудан басшысы Қ.Әбдіхановтың «Алғыс хаты» ашты. Әкімнің аманаты мен сый-сияпатын жеткізген Ф.Мамырбекқызы бөлім тарапынан да сый-құрмет көрсетті. Сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты С.Нұрдәулетов, Алатау ауылдық округінің әкімі Қ.Смағұлов, аудандық кітапхана басшысы М.Хармысов, аудандық «Талғар» газетінің ұжымы кезегімен құттықтап, ақын атаға ақжарма тілектерін жолдап, сый-сияпат көрсетті. Бұл құттықтаудан әжелер тобы да қалыс қалған жоқ. Ал аудан өнерпаздары ақын сөзіне жазылған әндерден шашу шашты.
Қорытынды сөз алған кеш иесі ақын жанын, поэзия құдіретін қастерлеп, төрге шығарғандары үшін алғысын білдірді.
«Талғар-ақпарат»