Дана халқымыз: «Таңбасыз ел болмайды, найзасыз ер болмайды» деп тегін айтпаған. Әр елдің тарихына, салт-дәстүрі мен мәдениетіне сай мемлекеттік рәміздері болады. Рәміздер арқылы әлемдегі бар мемлекеттер бірін-бірі тани алады. Мемлекеттік рәміздер сол халықтың тәуелсіз ел болғанын айқындайтын басты символдары. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері — Елтаңба, Ту, Әнұранның өзіндік шығу тарихы бар. Оның әрқайсысы халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілермен айшықталған. Қазақстан елінің негізгі мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi — Елтаңба. Авторлары елімізге әйгілі сәулетшілер: Жандарбек Мәлібеков, Шота Уәлиханов. Елтаңба — дөңгелек нышанды. Көгілдір түс аясындағы шаңырақ — Елтаңбаның жүрегі болып табылады. Шаңырақ — киiз үйдiң күмбезi көшпелi түркiлер үшiн қасиетті ошақтың, отбасының бейнесi болып табылады. Оны айнала күн сәулесі шуағымен уықтар торланған. Бұл шаңырақ айналған Күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi. Шаңырақтың екі жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнеленген. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздықтың, талмас талаптың, жасымас жiгер, қажымас қайраттың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған асыл мұраттың символы. Жоғары жақта жарқылдаған бес бұрышты жұлдыз Елтаңбаның тәжі іспетті, төменгі бөлігіндегі «Қазақстан» деген жазу Елдігіміздің символы. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы.
Жәнібек Бекбау,
ТАжМК оқытушысы