Кітапті жанымен ұғатын кітапханашы
Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген ең қажет, абыройлы мамандық иелері –кітапханашылар. Парасаттылықтың, білімділіктің киелі ордасында қызмет етіп жүрген эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған жандардың бірі – Нұра ауылдық округінің кітапхана меңгерушісі Гүлнәр Ахад. Моңғолия мемлекетінде дүниеге келіп, еңбек жолын 1985 жылы Монғолия мемлекетінде ұстаздықтан бастаған Гүлнәр апай 1990 жылы қосымша кітапханашы мамандығын оқып алады.
Жасынан кітапқа жаны құмар жан сол салада қызмет етуді армандайды. 1993 жылы елге оралып, алғашында әр салада еңбек етіп жүреді. Ал 2013 жылдан бастап Нұра ауылдық кітапханасына кітапханашы болып орналасып, осы күнге дейін оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отыр. Өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын Гүлнәр апайымыз әр оқырманның тілегін орындап, қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бала кезінен кітапқа құмар апайымыздың өмірлік мақсаты өзінің туған еліне сүйіспеншілікпен қызмет етіп, туған тарихын тереңінен тани отырып, білгенін айналасымен бөлісу. Ол кісінің ерен еңбегі үкімет тарапынан да лайықты бағаланып келеді. ҚР Мәдениет және спорт министрінің «Құрмет грамотасы» мен «Үздік педагог» төсбелгісінің иегері. Туған жер топырағына табан тіреп, жиған-тергенін, бар білгенін ұлтымның ұрпағы білсін деген адал ниетпен еңбек етіп жүрген Гүлнәр Ахад қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады. Ауыл арасында өткен іс-шараларда ортасынан табылып, білгенін жастармен бөлісіп жүреді. Осындай еңбегіне адал апайға шексіз риза боласың.
Гүлназ Кеңесбаева,
Нұра ауылдық жастар нұсқаушысы