Вакцина-өз қауіпсіздігің!

Вакцина-өз қауіпсіздігің!

Елімізде коронавирус індетімен күрес шаралары кешенді түрде жалғасып келеді. Талғар ауданы жұқпалы дерттің таралуы бойынша әлі де «қызыл аймақта» тұр. Мұның өзі қауіптің әлі сейіле қоймағанын көрсетеді. Бүгінде аудан аумағында коронавирус індетіне байланысты қалыптасып отырған эпидемиологиялық ахуал бойынша өткен тәулікте, яғни 17 мамыр күні қауіпті инфекцияны 16 адам жұқтырған, олардың 14-інде ауру белгілері байқалған. Covid-ке шалдыққан 7 адам сауда және ойын-сауық орталықтарында, базарлар мен дүкендерде жұқтырғаны анықталса, 4-уі қоғамдық көлікте жиі қатынайтыны белгілі болды, ал 2 адам сырқат жандармен аралас-құралас болғандар. Бүгінгі таңда Талғар аудандық орталық аурухананың провизорлық стационарларында барлығы 244 адам пневмония және тұмау (ОРВИ) диагнозымен емделуде.

Оның 170-і орталық аудандық ауруханада, 92 науқас Панфилов ауылдық ауруханасында, сонымен қатар Алматы қаласында орналасқан «Каусар» оңалту орталығындағы 2-ші деңгейлі жұқпалы аурулар бөлімінде 79 ковидке шалдыққандар ем қабылдап жатыр. Емханаларда төсек орын да жеткілікті. Емдеу шаралары бекітілген алгоритм бойынша жүзеге асырылуда. Үй карантинінде жатқан 397 адам бақылауда.
Аудан аумағында эпидемиологиялық бақылауды күшейту негізінде 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 60168 адамнан ПТР сынамалары алынып, нәтижесінде 2835 адамнан Covid-19 анықталған, оның ішінде 7577 науқас симптомсыз болса, 2078 адамда сырқат белгілері байқалған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі 219 бала да бар, олардың арасында симптомсызы басым, яғни 203-ті құрап отыр. Бұл коронавирус індетіне қатысты былтырғы жыл мен биылғы жылдың осы күнге дейінгі жалпы көрсеткіші.
Ауданда 35 мобильді топ жұмыс істейді. Ауруханаларда 150 оттегі баллоны, 70 оттегі концентраторлары, 123 оттегі көздері, 31 өкпені жасанды желдеткіш «ИВЛ» аппараты, сонымен қатар екі айлық мерзімге қажетті дәрі-дәрмек қоры бар.
Қатерлі дертті тізгіндеудің бірден-бір жолы вакцинация екені белгілі. Халықтың басым бөлігі екпені қабылдаса «ұжымдық иммунитет» қалыптасып, індеттің жұғуы мен таралуы айтарлықтай бәсеңдейтіні рас. Осыған орай, аудан бойынша жұмыс жасайтын 14 егу пунктері арқылы 3 наурыздан бастап 19 мамырға дейін «Спутник V» вакцинасының 12115 дана бірінші компоненті жеткізіліп, онымен 12094 адам егілді. Одан кейін вакцинаның 9400 дана екінші компонентімен 6830 адамға екпе салынды. Сонымен қатар, «Hayat-Vax» вакцинасының 1400 дана бірінші компоненті жеткізіліп, онымен 957 адамға екпе жасалды. Жылжымалы медициналық кешен арқылы медицина мамандары шалғайда орналасқан ауыл тұрғындарына, сондай-ақ сұраныс бойынша бірқатар кәсіпорындардың жұмыскерлеріне қызмет көрсетіп, 474 адам вакцина қабылдады.
Құрамында бірнеше құзырлы орган мен қоғам белсенділерінен құрылған мониторингтік топ 2021 жылдың қаңтар айынан бастап 8311 нысанды аралап, тексеріс жүргізді әрі кәсіпкерлер мен халыққа карантин ережесін қатаң сақтау шараларын түсіндірумен де айналыс­ты. Тексерістер нәтижесінде 112 карантин талаптарын бұзу фактісі анықталып, олардың барлығына айыппұл салынды. Салынған айып­пұлдың жалпы мөлшері 11828435 теңгені құрап отыр.
Алдағы уақытта да қатерлі індетпен күреске қатысты іс-шаралар мен сараптама бақылау жұмыстарын жүйелі жүргізетін боламыз.

Б.Успанов,
аудандық бас мемлекеттік санитарлық дәрігері