Ер-азамат – елдің тірегі
Нурай Утаган,
№49 орта мектептің 9 «б» сынып оқушысы
Жыл сайын 7 мамыр — ҚР Отан қорғаушылар күнін тойлаймыз. Бұл ер балаларға қайсарлық, батылдық, тектілік пен жігерліліктің не екенін тағы бір рет еске салудың мүмкіндігі.
Әр отбасында қорғаушылар бар: аталар, нағашылар, ағалар, інілер, әрине біздің сүйікті әкелеріміз. Тіпті «әке мен Отан» сөздері де дәл осылай басталатыны таңқаларлық емес. Олар мағынасы жағынан бір-біріне жақын. Отан – бұл біздің еліміз, Отанымыз. Бұл сондай-ақ Отан үшін жанын аямаған, әскери борышына ақырына дейін адал болған барлық адамдарды еске алу күні. Қай ғасырда болмасын ата-бабамыз от пен оққа көкірегін тосып, жерін жау қолына ұстатпаған, ел намысын қолдан бермеген халықтың бүгінгі әскері Тәуелсіз елдің тұғыры нық болуы үшін қызмет етіп келеді. Уақыт алмасады, ұрпақ өзгереді. Бірақ, Отанға деген сүйіспеншілік, ерлік, жауынгерлік рухымыз өзгеріссіз қалады. Сондықтан да айтарым, елді қорғайтын ер-азаматтарға жылына бір келетін мерекелерінде сыйлық сыйлап, қуантып жүрейік.
Олар бізге үлгі
Әнел Галиева,
№49 орта мектептің 9 «б» сынып оқушысы
Міне, көзді ашып-жұмғанша, 9 мамыр Ұлы Жеңіс күні мерекесі де өте шықты. Осыдан 76 жыл бұрын естілген «Жеңіс» сөзі әр үйде бейбіт өмір сүруге жол ашты. Бұл күн әр шаңыраққа Оттан да ыстық болып келді.
Елі үшін қанқұйлы соғысты бастан өткізген, жеңіспен қайтып, тіпті оралмаған батыр ата-әжелеріміз әр үйдің шаңырағында бар екенін мойындаймыз. Оларға алғысымыз шексіз! Ұлы Отан соғысы жылдары Жеңісті жақындатуға талғарлық жауынгерлер де зор үлесін қосты. Олар ел үшін, бейбітшілік үшін жан аямай күрескендігін, Отан үшін от кешкен азаматтардың ерлігі ұмытылмауы керектігін ұстаздарымыз үнемі жадымызға тоқып отырады. Отан алдындағы борышын жанын беріп өтеген майдангер аталарымыз өскелең ұрпақ — біздер үшін әрқашан үлгі бола бермек.