Қадір түнінде бір жылға қатысты үкімдер бекітіледі

Қадір түнінде бір жылға қатысты үкімдер бекітіледі

Айлардың сұлтаны — Рамазан айы болса, түндердің ұлығы — Қадір түні. Өйткені бұл түн барша адамзатқа тура жол көрсететін қасиетті Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған түн. Қадір түнінің ұлықтығы мен артықшылығы жайында Алла Тағала былай деген екен: «Расында, Біз оны (Құранды) Қадір түні түсірдік. Ал саған Қадір түнінің не екенін не білдіреді? Қадір түні мың айдан да артық. Ол кезде Раббыларының қалауымен, Оның әрбір әмірі үшін, періштелер мен Рұх (Жәбірейіл) түседі. Ол (түн) — таң атқанша сәлем!» (Қадір сүресі 1-5 аяттар). Және де былай деген: «Анық Кітаппен ант етемін! Біз оны берекелі түні түсірдік, әрі Біз ескертеміз. Бұл түні, Біздің әмірімізбен барлық дана істер шешіледі» (Духан сүресі, 2-5 аяттар). Яғни Жаратушы Иеміз бұл түнде жасалған құлшылықты мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды.
Бұл түні аспаннан жерге түсетін періштелердің көптігі соншалық, оларға жердің өзі таршылық етеді. Демек, бұл Қадір түніндегі періштелердің көптігін көрсетеді. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады» (8), ‒ деп хабар береді. Періштелер мұсылман үмбетін аралап, қандай ғибадат жасағандарын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады екен. Қадір түнінде тағдыр тақтасына құлшылықтағы құлдардың тілектері тоқылып, алдағы бір жылға қатысты үкімдер бекітіледі.
Қадір кешінің уақыты күн батқаннан сәресіге дейін жалғасады. Бұл түннің ғибадаттарын мұсылмандар мешіттерде де, өз үйлерінде де атқара алады. Қасиетті түнді Алла Тағалаға құлшылық жасау, намаз оқу, Құран оқу, үйрену, үйрету, уағыз айту және тыңдау, шариғат үйрену, тәсбіх тарту, діни кітаптар оқу, жиі-жиі дұға, тәубе мен истиғфар жасаумен зиярат етіп өткізу қажет. Айта кету керек, биылғы Қадір түні мамыр айының 8-нен 9-на қараған түнге сәйкес келіп отыр. Олай болса, осынау қасиетті Қадір түнінің теңдессіз мүмкіндігін жіберіп алмай, бір Аллаға құлшылық етіп, тәубе мен дұғада өткізейік, ағайын.

Қажымұқан Қамбарұлы,
аудандық мешіттің бас имамы