Балғын жырлы Бағжан
Жастар жайлы сөз қозғағанда оларды өткеннің үлгісімен пішіп-жонуға әсте дайын тұрамыз. Қоғамның белсенді бөлігі жастар деп аламыз да бірақ олардың әрекеттерін сөлекеттілікке балап сөгіп жатамыз. Ол заңдылық та. Десек те, құндылықтары құнсызданып жатқан мына аумалы-төкпелі заманның бүгінгі жастары бұрынғылардан өзгерек. Түрленген техникаға тап келіп, ақпараттық майданнан бір-ақ шыққан олар үшін алмағайып заман ауыр тиіп отыр. Санасы солқылдағы шығыстың шырайын жасырған батыстың бейәдебіне әуестеніп, соны сәнге балап есі кеткендердің қатарын көбейтіп жатқаны жасырын емес. Дегенмен, қу шөппен ауыз сүртпейік, ата салтынан аттап кетпей, ұлттық намысты жұдырықтай жүрегіне түйе білген, ұлтын сүйетін намысшыл жастар да жетерлік ортамызда. Жуырда сондай жалынды жастың бірімен танысып, жаным марқайып қайтты.
Алақандай ауылдан шығып, Алатаудай биікті бағындырып үлгерген кейіпкеріміз Бағжан Бақбергенұлы поэзия әлеміне қанат қаққан ақын бала. Ал бізді таныстырған Бағжанның «Ан Арыс» баспасынан өткен жылы жарық көрген тырнақалды «Тағылым тамшылары» жинағы. 18 жасында-ақ алғашқы кітабын шығарған Бағжанның дарындылығын айтқан кезде оның өлең өлкесіне келу жолына көз жүгіртпеу мүмкін емес. Райымбек ауданына қарасты Қаратоған ауылында дүниеге келіп, алғашқы білімді ауылдық мектептен алған ақын баланың балдырған жырлары да осы тұста тұсауын кесіпті. 11-12 жастағы қаршадай бала құнанында бәйге алуға құлшынбаса да қара өлеңге қамшы басып, жазба жырдың жалына жармаса міне шапқан екен. Кейін Талғар ауданына қоныс аударған тұста туған жеріне, еліне, достарына деген сағыныш өн бойынан өлең болып ағылып, сәби сәлемін шумақтарға түйіп, жолдап жатады. Бауырластары мен ауылдастарының ақ батасымен аттанған Бағжанның алдынан келісті жырларына кесімді пікір айта білетін білікті ұстаздардың жолығуы да сәтін салған шаруа болады. Оның бірі өзі оқыған №36 мектептің ұстаздары Фарида Анарбекқызы, Толқын Кэлс болса, бірі қалаға қадам басқан жеткіншектің талабы да, талғамы да бөлек екендігін бағамдай білген өлең өлкесіндегі ұстазы, аты көпке таныс ақын Камнұр Тәлімұлы болды. Кітаптың жарыққа шығуына да мұрындық болған бағытына бағдаршам болып, қанатының астына алған қамқоршы Камнұр ағасы.
– №36 мектепте өткен бір жарыста бойы қалақтай ғана қалқан құлақ бала ортаға шығып бойында бір буырқанған күштің бар екенін бірден байқатты. Сахнаға шыға сала өзгелердей өзге ақынның өлеңін емес өз өлеңінен бастауы және нағыз ақындарша ерекше екпінмен, жігермен оқуы мені тәнті қылды. Бірден ақ батамды беріп, «ен» салып кеттім. Содан бері Бағжанымның ойы да, бойы да өсті. Көзімнен таса қылмай реті келген жерде топқа сала қоямын. Ұятқа қалдырған жері жоқ. «Өлеңдерімді жинақ етіп шығарғым келеді» дегенде де еш ойланбастан құп алдым. Білімге ұмтылысы, еңбекке құлшынысы қуантады. Әсіресе, ақындар аяқ тартатын дін мәселесіне қорықпай қалам тербегеніне сүйсінем. Өз жасына тән діни көзқарасы, сауаттылығы бар, — дейді ұстазы.
Жуырда аудандық кітапханада тұсауы кесілген Бағжанның «Тағылым тамшылары» жинағына ақын ағалары жылы лебізін білдіріп, ақ батасын берді. Шараға келген ата-анасы Бақберген Сатамбаев пен Оңдасын Көшімбаева және ағасы Ғалымжан Сатамбаев Бағжанның бағытына жол сілтеген ағаларға алғысын білдірді. Балаларының бойын материалдық құндылыққа батырып қоймай, жан дүниесінің сәулесін аша білген ата-анаға қалай разы болмассың. Бүгінде Абай атындағы ҚҰПУ-нің ІІ курсында білім алып жатқан Бағжан болашағын да айқындап үлгеріпті. Нағашыларынан дарыған өлеңін серік ете жүріп балаларға тәлім-тәрбие беріп, ұстаздық жолды ұстанамын дейді. Шекара асып, шетелге барып шеберлік арттырамын демей, қажетімді қазаққа арнаймын деген қара баланың талпынысына сәттілік тілейміз.
Меруерт Мәулет
«Талғар».