Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бүгін «Өңірлердегі Министрлік күндері» шеңберінде стратегиялық сессияларын бастады. Ондағы мақсаттары — мемлекеттік органдар өкілдері мен жастар ресурстық орталықтарымен бірлесе жастар саясаты саласы мен өңірлік үкіметтік емес ұйымдар арасында қоғамдық диалог құру болатын.
Аталмыш сессия барысында Алматы облысында жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Ш.А. Баймановтың төрағалығымен «Жастар және отбасы саясаты саласындағы өзекті мәселелер» тақырыбында онлайн-семинар ұйымдастырылды. Игі шараға облысымыздың қалалары мен аудандарындағы белсенді жастар, жастар ұйымдары, Жастар ресурстық орталықтарының өкілдері қатысып, жастарды қолдаудың 2025 жылға дейінгі Кешенді жоспарының негізгі бағыттары мен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады. Жиылған жастар алдында сөз алған Ш.Байманов 2020 жылғы жастар мен отбасы саласындағы жұмыстың негізгі нәтижелері мен 2021 жылға арналған өзекті міндеттер туралы сөз қозғады. Кездесу барысында аталмыш заң жобасын дайындау барысында «NEET санатындағы жастарды», «Жастарды дамыту индексін», сонымен қатар «Жастармен жұмыс жөніндегі маман» ұғымдарын, тағы басқа да өзекті мәселелерді заңнамалық бекіту ұсынылды. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев заң жобасы аясында «Жастарды дамыту индексі» ұғымын білім беру, денсаулық және әл-ауқат, жұмыспен қамту және мүмкіндіктер, саяси қатысу, азаматтық қатысу, бос уақыт және инфрақұрылымға қолжетімділік, қауіпсіздік салалары бойынша негізгі индикаторларды қамтитын мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бөлігінде жергілікті атқарушы органдар қызметі тиімділігінің кешенді көрсеткіші ретінде толықтыруды ұсынған болатын. Семинар барысында жастар да өз тарапынан «Тәуелсіздік ұрпақтары» Ұлттық жобасы аясында ойларын ортаға салды. Игі шара соңында жастар мен облысында жастар және отбасы істері комитеті жастар және отбасы саясаты бойынша көтерілген мәселелер мен міндеттерді жүзеге асыру үшін қарқынды жұмыс жасап, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтетіндіктерін айтып тарқасты.
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ