Мәні зор шара
М.Әуезов атындағы №5 орта мектепте 15 ақпан Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына арналған іс-шара өтті.
9 «а» сынып оқушыларының қатысуымен өткен кездесуге Ауғанстан соғысы ардагерлерінің қалалық «Жауынгер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Төлеген Абуханов, Тілеубек Сәрсенбаев, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Талғат Шубеков, бөлімнің әскери патриоттық тәрбие жұмысы бойынша бөлім бастығының орынбасары Салтанат Алпысбаева қатысты. Кездесуді аталмыш білім ошағы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақмарал Ақпаржанқызы ұйымдастырды. Қанша жыл өтсе де етігімен қан кешкен жерлестеріміздің ерен ерлігі жас ұрпаққа үлгі-өнеге екендігі даусыз. Іс-шараны өткізудегі негізгі мақсат та осы болды — өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, патриоттыққа баулу. Кеш барысында Ауған соғысы ардагерлері өз естеліктерімен бөлісіп, ерліктері туралы баяндап, жастарды өз Отанын сүюге, жаудан қорғауға, өз елінің патриоты болуға, бейбіт өмірдің бағасын білуге шақырды.
– Өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағалардың ерлігін үлгі ету, Ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым ету, есімдерін қастерлеу, басы аман, бауыры бүтін көзі тірілеріне құрмет көрсету ұрпақ парызы, — дейді кешті ұйымдастырушы Ақмарал Шубекова.
«Талғар-ақпарат»