Деңгейленіп келеді

Деңгейленіп келеді
Қазіргі таңда заман талабына сай мемлекеттік органдардың тиімді жүйесі мен құрылымын жетілдіру қажеттілігі туып отыр. Мемлекеттік кадр саясатын қалыптастыру, халықтың мемлекеттік қызмет түрлеріне қолжетімділігін арттыру бағытында игі бастамалар жүзеге асырылуда.
Шынында да, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы – мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың басты өлшемі болып табылады. Мемлекеттік қызмет көрсету барлық саланы, соның ішінде азамат дүниеге келген кезден бастап барлық өмір сүру кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсету бойынша мемлекет пен тығыз байланыста болатындығы белгілі.
Осының негізінде азаматтар мемлекеттің қызметіне толықтай тәуелді, яғни мемлекеттік қызмет көрсетуші органдардың басты мақсаты – азаматтардың өмір сүруіне тиісті жағдай жасау.
Ел Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру арқылы азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімін көтеру маңыздылығын ерекше атап көрсетіп келеді. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы – мемлекеттік қызметшілер жұмысы тиімділігінің басты көрсеткіші болатынын және ол мемлекеттік тұтынушы ретінде халыққа тікелей бағдарлануы тиістілігін айқындап берді. Елбасының айқындап берген тапсырма, міндеттеріне сәйкес, 2013 жылдың 15 сәуір күні «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңы қабылданды.
Қабылданған Заң талаптары көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша жаңа көзқарастарды қалыптастырып, негізінен қызмет алушы және азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет алушы көрсетілген қызмет сапасымен қанағат тұтпайтыны, шағымдар болатынына байланысты, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында Заңда көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлеріне шағым беру тәртібіне қатысты нормалар енгізілген. Ал мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына бақылау жасау мен оны бағалау ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және оның аумақтық құрылымдарына берілген. Яғни, уәкілетті органға қызмет беруші мен қызмет алушыға қанағаттанбау себебін анықтауға бағытталған кешенді зерттеулер жүргізу, мемлекеттік органдар тарапынан мемлекеттік қызметтер көрсетілу заңнамасын сақтамау, уақытылы бақыламау мен қызмет алушылардың шағымдарын толық әрі уақытылы қанағаттандырмау себептерін зерттеу жұмыстарын жүргізу міндеттелген.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде халықтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету белгілерінің бірі болып әкімшілік кедергілерді азайту, халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету болып табылады.
Қазіргі қоғамда мемлекеттік қызмет қоғам өмірінде үлкен орын алады. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының деңгейі еліміздің экономикалық және әлеуметтік көрсеткіші болып табылады. Осыған байланысты, көптеген шет мемлекеттер мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жоғары болуына және осы саланың дамуына үлкен мән береді.
А.Қасымбаев,
Белбұлақ ауылдық округінің әкімі