Нұра ауылдық округінің «Аналар кеңесінің» төрайымы Досқанаева Несіпкүл Исабекқызының өз өлкесі үшін атқарып жүрген еңбегі орасан зор деуге болады. Туғанбай ауылында дүниеге келіп, Нұра ауылында алғашқы еңбек жолын бастаған қайраткер өз өлкесінің түлеуіне, өрлеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. 2007 жылы құрметті еңбек демалысына шықса да қарап жатпай, жас ұрпақтың үлгілі де өнегелі болуына септігін тигізіп, ұлттық танымдағы іс-шаралардың өтуіне ұйытқы болып жүреді. Ауылдық әкімдік жанынан құрылған «Аналар кеңесіне» төрайымдылық жасап, бекітілген кеңес жоспарынан тыс қайырымдылық шараларына да белсене атсалысуда. Өткен жылдың өзінде пандемия кезінде 10 қайырымдылық шарасын өткізіп, кеңес мүшелерімен бірлесе отырып мұқтаж жандарға көмек қолын созған.
Несіпкүл апайдың ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Жуырда Алматы облыстық «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» директоры С.Дүйсенованың «Алғыс хатымен» марапатталды. Марапатты салтанатты жағдайда тапсырған округ әкімі С.Донбаев батыр анамызға ақ тілегін арнап, сый-сияпат көрсетті.
Айнұр Якубова,
Нұра ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы