Белбұлақ әкімі сайланды
Сайлау
Ағымдағы апта Талғар ауданы үшін қарбаласқа толы болды. Сәрсенбінің сәтінде қаламызда орналасқан №1 орта мектептің акт залында Талғар ауданы Белбұлақ ауылдық округі әкімінің сайлауы өтті.
Аудандық сайлау комиссиясы төрағасы мен комиссия мүшелері толық жиналып, сайлау өткізуге дайын болды. Аудандық мәслихат депутаттары дауыс беруге біртіндеп жинала бастады. Межеленген уақыт келіп жеткенде халық қалаулылары өз таңдауларын жасап, аталған округті басқаруға лайықты деген азаматқа өз дауыстарын берді. Сайлауға аудандық мәслихаттың 19 депутатының 16-сы қатысты. Үш депутат белгілі себептермен қатыса алмады. Комиссия мүшелері сайлауды қорытындылай келе, жеңімпазды анықтады. Сайлауға қатысқан депутаттардың барлығы бір ауыздан Белбұлақ ауылдық округі әкімі лауазымына лайық деп Қасымбаев Аслан Нұрғайыпұлына дауыс берді.
Аслан Нұрғайыпұлы – бұған дейін де осы округтің әкімі қызметін атқарып келген болатын. Жоғары білімді, Орталық Азия университетінің құқықтану факультетін бітірген. Өзінің білімділігі мен біліктілігінің арқасында көптің көңілінен шыққан азамат.
Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
«Талғар»