Ұстаздық мінез-құлық мынадай болуы тиіс: ол тым қатал да болмауы керек, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек. Өйткені аса қаталдық шәкіртті өзіне қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру қадірін кетіреді, берген білімі мен ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады.
Әл -Фараби
Адамды адам етіп тәрбиелейтін ата-анаға ғана емес, бұл ретте білімді, білікті, тәрбие мен тәртіпке берік ұстаздың алар орны ерекше екені белгілі. Сондықтан «Ұстазы мықтының – ұстамы мықты» болатынын білетін халық алақанда аялаған балапаны алғаш рет мектеп табалдырығын аттағанда болашағын сеніп тапсырар мұғалімді ұзақ таңдайтыны бар емес пе?! Ондағысы үмітін үкілеп, қолынан жетелеп әкелген баласының болашағы жарқын, білімі нық, ақылы толық, абыройы асқақ болса екен деген ішкі тілектен болса керек-ті. Ал осы игі тілектің іске асуына ықпал етіп, тал бесіктің тәрбиесін біліммен ұштап, ел болашағының бір кірпіші болып қаланар ұрпақтың ұлағатты болуына барын салатын ұлы мамандықтың иесі болған ұстаздар қауымын алда келе жатқан мерекелерімен шын жүректен құттықтап, толағай табыстар тілейміз. Табыс демекші, мұғалімнің табысы айлық еңбекақысы емес, шәкірттерінің шыққан биігі мен жеткен жетістігімен өлшенетіні барғой, ендеше әр ұстаздың бар шәкірті шыңға шығып, абыройларыңыз асқақтай берсін демекпіз!
Алғаш рет мектеп табалдырығын аттағанда алдынан күліп қарсы алып, білім мен ғылым тұңғиығына жетелеген мұғалімін ешкім ешқашан ұмытпақ емес. Өйткені ата-анадан кейін бауырына басып, мейірімін төгіп, сауырынан қағып қамшылай отырып қатарына қосқан ұстазды ұмыту үлкен әбестік болар еді. Мәңгілік жүректің төрінде сақталатын жаны жайсаң, жүрегі мейірімге толы жанның әріптен бастап үйретіп, тәрбие тереңіне бойлата жетелеп, әр оқушысы үшін төккен терінің, еткен еңбегінің өтемі де, өлшемі де жоқ. Ол ешқашан шәкіртіне берген білімі мен тәрбиесі үшін құн сұрамайды, қарыз қылмайды, міндет артпайды. Қай қиырда жүрсе де оқушысының оймақтай жетістігіне жүрегі жарыла қуанып, сәл оғаштық танытса олқылығын түзеп, шарықтап көкке шықса тілекшісі, қиналса ақылшысы болып қала береді. Сол себепті өмірде кім болса да, қандай жетістікке жетсе де ұстазына деген ризашылығы, құрметі жоқ жан кем де, кем шығар, сірә. Қашан, қанша жаста болмасын, сыныптастар жинала қалғанда әуелгі әңгімелерінің алтындай ұстаздарынан басталуының сыры да осында жатса керек.
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің сөзіне сүйенсек, ұстаз тек білім беруші ғана емес, ол — қандай баланы болмасын барын салып, жолын тауып тәрбиелеуші, баланың көкірек көзін ашатын адамдықтың, адалдықтың үлгісі болуы шарт. Білімі мығым мұғалім шәкіртіне әуелі білім емес, тәрбие беріп, өмір сабақтарын үйрететіні де сондықтан. Олай болмаған күнде ұстаз атына лайық шәкірті болмайтынын анық ұғатын білікті маман «шәкіртсіз ұстаз тұл» екенін жақсы біледі. Бар білгенін балаға үйретіп, тынымсыз ізденісте жүретін жүзден жүйрік ұстаздар оқушысын ғана емес, айналасындағы әріптестерін де, өзінен кейінгі жас буынды да талай нәрсеге үйретіп, әр істе қолдау көрсетіп даналық танытып жатады. «Қой асығы демегін, қолыңа жақса сақа тұт, Жасы кіші демегін, ақылы асса аға тұт» дейтін қазақтың «Көп жасаған білмейді, көпті көрген біледі» дейтін аталы сөзі осындай асыл жандарға қарата айтылғаны ақиқат.
Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген пандемияның кесірінен мектебіне жете алмай, ұстазын көре алмай қашықтан оқып машықтанып жатқан оқушылардың сағынышы да бұл күнде бір төбе болды. Шәкіртін алдына отырғызып қойып жанын сала оқытып үйренген ұстаздардың да әттеген-айлары аз болып жатқан жоқ. Шіркін-ай, мына бәле аяқталып, мектебімізге бір жетіп, өз сыныбымызда сабақ оқитын күн болса екен деген оқушы мен мұғалімнің мұңы, ата-ананың уайымы көңілге қаяу салады. Сыныбының WhatsApp-тағы жеке тобында оқушыларына ақылын айтып, сағынышын жеткізіп, алдағы күнге деген сенімін оятып отыратын мұғалімнің «жарайсың, дұрыс айттың, ақылдым» деген бір ауыз сөзіне жүрегі елжіреп, көзі мөлтілдеген бастауыштың баласын өздеріңіз де талай жұбатқан боларсыздар. Мұндай жайлар бүгінде барлық бала мен ата-ананың басында мыңдап саналады. Ұзақты күн баласына сабақ оқытып жатқан ата-аналар да мұғалімнің қадіріне жетіп, орнының бөлек екенін де жиі әңгіме қылады. Тәжтажалдың жанға салған бір жарасы ретінде есте қалар бұл күндердің де оңайлықпен ұмытылмайтынын ойласаң, күліп-ойнап, өз ортасында жарқырап-жайнап жүре алмаған балалардың есінде әдемі естеліктер емес, қашықтан оқудың қиындығы және мектебі мен ұстаздарына деген сарытап сағыныштың қалатыны өкінішті.
Оқушыларының ұқпасына қоймай тақтаға жазып-сызып, қасына келіп үйретіп, қадағалап отыратын мұғалімнің амалсыз интернетке айналып, WhatsApp-қа байланып қалғанына жаны күйіп жүргені де шындық. Өйткені күн өткен сайын жаңарып, күнде ауысып жатқан бағдарламалар мен талаптарды орындау, оған сай жаңа тақырыпты өз деңгейінде меңгерту де оңай болып жатқан жоқ. Оқушылар да сабаққа жауапкершілікпен қарап, түгел қатысып отыр дей алмаймыз. Пән иелері хабарласып сынып жетекшіден сұрайды, ол шырылдап ата-анасын іздейді, өйткені сабаққа қатыспай отырған бала телефонын көтермейді. Ондай балалардың ата-анасына хабарласып, жауапсыз қалса сыныптың ата-аналар тобына жазып шырылдап жатқанын көргенде кейбір ата-аналардың жауапсыздығына таң қаласың. Мектепте оқып жүріп сабаққа қатыспаса мұғалімнің жағасына жармасатын кейбір ата-аналар үйде отырған баласын қадағалауға шамасы жетпей жатқаны өкінішті. Жұмысты сылтау қылып қасында емеспін деген уәж бұл жерде артық. Баласының болашағына алаңдамайтын ата-ана болмайды десек те, әлі күнге баласы сабаққа қатыспайтындары жетерлік. Мұны күнделікті көзбен көріп, құлақпен естіп отырған соң үш баласы қашықтан оқитын ата-ана ретінде айтып отырмын. Ал сол үйде отырып сабаққа қатыспайтын жауапкершіліксіз бала ертең кімнің көсегесін көгертеді деп ойлайсыз? Техника мен технологиясы секундтап дамып жатқан уақытта өзгеге пайдасы тимесе де, өзіне зияны тимейтін білімді алуға құлшынбаған баланың болашағы бұлыңғыр екені айтпаса да түсінікті. Бұл мәселеде ата-аналардың байыппен бағамдап, жақсылап ойланғаны абзал. Әркімнің баласының болашағы өзіне керек екенін білетін адамдардың үйдегі баланың күнделікті оқу жайын мұғалімге міндеттеп, еш алаңсыз жүруі құптарлық жағдай емес…
Дәл қазіргі уақытта мұғалімнің міндеті – оқушыны оқыту, білім беру болса, ата-ананың міндеті — қашықтан оқып отырған баласының сабаққа толық қатысуын қадағалау, түгел тәрбиесіне жауапты болу. Рас, ешкімге оңай болып жатқан жоқ, панденмия жұқартқан жүйке мен денсаулықты қалыпқа келтіруде басын тауға да, тасқа да ұрып жүргендер жетерлік. Дегенмен, солай екен деп баланың қолына смартфон мен плпаншетті, компьютерді ұстатып қойып, өзі оқып жатыр деп қадағалаусыз, қараусыз қалдыруға, бар міндетті бұрынғыдай мұғалімге артуға болмайтынын түсінетін уақыт болды. Сабаққа қатыспай жүрген баланың қай сайтта нені көріп, әлеуметтік желіде кімдермен атыс-шабыс ойын ойнап отырғанын да Құдай білсін, сондықтан қауіп қайдан екенін болжай алмаймыз. Қандай жағдайда да оң мен солын танымайтын жасөспірімдерді қатаң қадағалау ата-ананың басты міндеті болмақ.
«Ұстаздық мінез-құлық мынадай болуы тиіс: ол тым қатал да болмауы керек, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек. Өйткені аса қаталдық шәкіртті өзіне қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру қадірін кетіреді, берген білімі мен ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады» деген Әл-Фарабидің кеңесіне жүгінсек, бұл ретте мұғалімдерге артылар жүк те, қойылар талап та аз болып жатпағаны ақиқат. Мардымсыз жалақы алып, «атанның жүгін арқалап» жүрген ұстаздар қауымының ата-ана ырқына көніп, жөнсіз жерде жүгенсіз кеткен баланың қылығына да кінәлі болып жататын кездері жетерлік еді. Бұл орайда Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың мұғалімдердің беделін көтеру мақсатында нақты қадамдар жасап жатқаны, болашақтың бар тізгінін қолында ұстайтын мамандардың қадірі кетіп, жоқтан өзгеге жауапты болып, кім көрінген жағасына жармасқан уақыттың ендігі жерде артта қалғаны көңілге қуаныш ұялатады.
Еткен еңбек, төккен терінің өтеуі сұралмайтын, оқушысының болашағына ата-анасынан артық алаңдайтын, машақаты мен міндеті бәрінен артық ұлы мамандық – ұстаз болу екенін ескерсек, сый-құрметке де әбден лайық жандар — мұғалімдер екенін ешқашан естен шығармайық.
Жанбота Сұлтанмұратқызы,
тілші