1 ҚАЗАН — ҚАРТТАР КҮНІ
«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген қазақтың нақыл сөзі бар. Қазыналы қарттардың әрбір айтқан өнегелі сөздері, тағылымды іс-әрекеттері, елінің, туған жерінің өсіп-өркендеуіне арнаған өлшеусіз еңбек жолдары, бір сөзбен айтқанда бүкіл болмысы тұнып тұрған тарих. Қазақ қоғамында ақсақалдар — елдік пен өнегелі өмір тәжірибесінің қайнар көзі. Қарттар қашанда елді береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа жұмылдыра білген. «Қарты бар елдің — қазынасы бар» деген.
Тәуелсіз еліміздің қарыштай дамып, әлем елдері арасынан өзінің орнын белгілеп, дамыған 30 елдің қатарына енуіне кешегі өткен бабаларымыз бен бүгінде елдің ортасында жүрген алдыңғы буын қарияларымыздың еңбектері еселі. Осынау елдің тыныштығы мен тұтастығының, бірлігі мен берекесінің сақталуына өз үлестерін қосып отырған қарттарға лайықты құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың парызы.
Дана халқымыз үлкенге құрмет көрсетуді тәрбиенің негізі санап, ақсақалдың керек-жарағын әзірлеп, оның қызметіне жарап, батасын алуды ерекше мәртебе тұтқаны белгілі. Қарттарға қамқорлық – біздің халқымыздың санасына терең сіңген асыл қасиет.
Осыдан 30 жыл бұрын яғни 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясы 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын. Сол уақыттан бері дәстүр бойынша 1 қазанда бүкіл әлемдік қауымдастық халықаралық Қарттар күнін атап өтеді. Бұл мереке – аға ұрпақ өкілдерінің қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және қалтқысыз қамқорлық көрсететін күн. Қарттары бар ел — бақытты ел, байыпты ел. Қай кезде де, небір сын сағатта да халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымызға деген құрметін аудан әкімі Серікжан Ерекешев те аяған жоқ. Мереке күні ауданымыздың бірқатар қарттарын арнайы құттықтап шықты. Ұлы Отан соғысының ардагерлері Жұмабек Сапаров пен Иван Белоусов, ғасыр жасаған аналарымыз Бүбиза Жүнісова мен Батиха Бапы әжелеріміздің шаңырағында болып, қарттарымызды құттықтап, сый-сияпаттарын жасады. Көнекөз қариялармен емен-жарқын әңгімелесіп, өмірдеректерін тыңдады. Ұлы Отан соғысының отты жылдарын басынан өткерген майдангерлеріміз ұрпағына бейбіт өмір тілеп жатса, жүз жасап, жапырағын кеңге жайған ақ жаулықты аналарымыз ұзақ ғұмыр тіледі.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»