Күні кеше өз тігін шеберханамды ашып шағын кәсіп бастасам, сапалы тігін машинасын алсам деген арман мені күні-түні мазалайтын. Ал бүгін осы асқақ арманымды мақсатқа айналдырып, оны жүзеге асыруға ZhasProject жастар корпусын дамыту жобасы армандар есігін алдымнан айқара ашық етті. ZhasProject жобасы бойынша мен және мен сияқты арманшыл жастар мемлекеттік грант иегері атанды. Конкурсқа қатысып, үш кезеңнен де сүрінбей өтіп, жоба жеңімпазы атандым. Қаржылай көмекпен қатар ZhasProject жастар корпусын дамыту жобасы онлайн курс өткізіп, алдағы уақытта кәсібіміздің дамуы, команда құру, қаржыны дұрыс басқару сынды пайдалы әрі тың ақпараттар ұсынды. Әр командаға тәлімгер тағайындап, ісімізді дөңгелетуге барынша қолдау көрсетуде. Біз командамызбен zhastar_textile_talgar шағын шеберханасын ашып, алғашқы жұмысымызға кірісіп те кеттік. Осындай мүмкіндікке ие болуға септігін тигізген Талғар ауданы Жастар бөліміне алғысымыз шексіз. Мемлекет берген мүмкіндікті максималды түрде пайдаланып, кәсібімізді жүргізуге барымызды салудамыз. Мақсатымыз айқын, қадамымыз нық. Тек алға қарай ұмтыламыз.
Айжан Жолмағанбетова
«Zhastar текстиль» жобасы
командасының мүшесі