ХИРУРГ ҚАНДАУЫРЫН ҰСТАҒАН ЖІГІТ

ХИРУРГ ҚАНДАУЫРЫН ҰСТАҒАН ЖІГІТ

«Жан-дүниеңді сала алғашқы талаптануың – ең ізгі талап… Ар-намысың, жан- жүрегің, қалай әмір етсе, солай істе», – деп ой білгірі В.А.Сухомлинский айтқан бір сөз бар. Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласында өзбек жанұясында дүниеге келген Қурбанқұлов Мұраджан Қамалжанұлы жанұядағы төрт баланың кенжесі.

Алдында үш əпкесі бар Мұраджан сабаққа алғыр, еңбекке бейім болып ержетіпті. Əкесі Қамалжан Шымкент қаласынағы балалар үйінде бухгалтер, ал анасы Нұри төрт баланы бағыпқағып өсірген, үй шаруасындағы кісі еді. Қаладағы Есекей Юсупов атындағы №15 орта мектепті бітірген Мұраджан Қамалжанұлының жүрек қалауы дəрігер болу еді. 2ОО9 жылы Ұлттық Біріңғай Тесттен (ҰБТ) 94 бал жинаған алғыр бозбала Алматы қаласындағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің хирургия бөліміне түсті. «Өзгенің бақыты үшін ғұмырын арнау – дəрігер мамандығын таңдаған əр адамның нағыз бақыты» – деп, жаратылыс ғылымын зерттеуші, хирург Н.Пирогов айтқандай, жеті жыл бойы ғұлама ұстаздардан тəлім-тəрбие алған Мұраджан жақсы маман болып шықты. Елгезек, еңбекқор, əр науқасқа жылы жүрегімен қарап емдейтін жас хирург бұл күндері шұғыл жасалатын соқырішек, өттен тас алу, сүйек арасында пайда болған етті сылып тастау сияқты ота түрлерін жасай береді. Осы бөлімдегі кəсіби хирургтерге көмектесіп, аса күрделі оталарға да қатысып, талай жандардың алғысына ие болған сəттері де аз емес. «Дəрігердің ең жақсысы, ауруға ауру қоспай кеткен дəрігер» – деген сөз бар халықта. Адам жанының арашасы болып, жастық ғұмырын дəрігерлік мамандыққа бағыштаған жас хирург Мұраджан Қурбанқұловтың өзін білікті дəрігер етіп көрсететін кезі əлі алда.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,

«Талғар».