Төтенше жағдай бірлесе жұмыс істеуге үйретті

Төтенше жағдай бірлесе жұмыс істеуге үйретті

           Адамзат тарихында дүниені дүр сілкіндірген, әлемді таңқалдырған талай оқиғалар өтті. Осы уақытқа дейін бабаларымыз толарсақтан саз кешіп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, қайтпас қайсарлығымен талай қиындықтарды еңсерді. Енді міне тағы ел басына күн туып, ауыр індет қасіреті келіп жетті. Ауырлықты еңсеріп шығарына сенеміз!

   Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты ынтымақтастық аясында жоспарланған іс-шаралар қашықтан оқыту форматына ауыстық. Қашықтан оқытуға көшкелі бері жас өрендеріміз бен ұстаздарымызды мектебіміздің тыныс тіршілігі сағынтқаны рас. Мектеп басшысы Баракова Роза Хамралиқызы бастаған басшылар қауымының қолдауымен бірлескен жұмыс жоспары қарастырылып, осы жоспар аясында бірнеше бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылды. «Көреген басшы елді өсіреді, күшті майдан ерді өсіреді» деген сөз теңеуін тапса керек. Басшының берген бағыт-бағдарының арқасында бұл қиындықты еңсеру ұстаздар қауымына аса қиындық тудырмады. Төтенше жағдай кезінде ұстаздарымыздың қолдауымен «Біз біргеміз» атты науқанды жиі ұйымдастырып, аз қамтылған отбасыларға көмек сынды түрлі игі істер қолға алынды. Атап айтатын болсақ тұрмысы аз қамтылған 136 отбасына ақшалай көмек ұйымдастырдық, азық-түлік пакетін дайындадық.

Бұл шараға мектеп ұжымы түгел қатысты. Біреуі де шетте қалмады. Мұны ауызбіршіліктің шыңы демей не дейміз?! Ж.Дубирбаева,А.Бейкутова,Ж.Нысанбекова атты ұстаздарымыз осы қайырымды істің басы-қасында жүріп, ұйымдастыру жұмыстарымен айналысты. Жалпы барша ұжымға алғысым шексіз. Осындай сәтте ұжыммен бірге жұмыла көтерген жүктің қандай жеңіл екенін ұқтық.

          Сондай-ақ бүгінгі ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында «Ұлы жеңіс- ұрпаққа аманат» атты Ұлы жеңістің 75 жылдығына арналып, 7 мамыр Отан қорғаушылар мерекесі күніне орай, ұстаздар мен оқушылар бейнероликтерін арнады. Шара барысында оқушыларымыз бен ұстаздарымыз батыр бабаларымызға арнап шығарылған жыр жолдарын жолдап, жеңіс әнін шырқап, бейбіт елдің ұландары екенін мақтанышпен жеткізді. Ұстаздар қауымы арасында бірлескен челлендж ұйымдастырылды. Ұстаздарымыз бен мектеп оқушылары түрлі байқауларда бақ сынап, жүлделі орыннан көрінуде. Атап айтсақ, 11-сынып оқушылары: Ержанұлы Б.Шәймерден 3 республикалық онлайн олимпиада жүлдегері. Жалпы жүлде саны өте көптеп саналады. Ұстаздар арасында есімдерін ерекше құрметпен атап өтсем А.Хамитқызы, З.Әбдіқожаева, М.Татиева, А.Сайлыбаева, З.Жунусова, Д.Есенсарина, Қ.Жұмахан сынды ұстаздарымыз да түрлі байқау жүлдегерлері.

Төтенше жағдайға байланысты ел басынан өтіп жатқан ауыр күндердің де бұлты сейіледі деп сенеміз. «Адамзат жетім болмайды – халықтан болса данасы» деген басшысы бастаған көштің қандай қиындық кездессе де еңсеріп кетері сөзсіз. Барша Отандасымды ең айтулы мерекесі – Жеңіс күнімен құттықтаймын.

Н.Жүнісова,

аудандық №45 мектеп-гимназиясының мұғалімі.