Үндеуге қолдау

Үндеуге қолдау

Адамның ең басты байлығы әрқашанда оның денсаулығы.  Бір айта кетерлігі, денсаулық тек жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның байлығы. Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп орынды айтқан. Денсаулық – бұл адамның еңбекке белсенді болуы, әрі ұзақ өмір сүруі, тәннің саулығын және рухани саулығын сезінуі. Бүгінгі халқымыздың басынан өткеріп жатқан коровирус пандемиясы елімізге үлкен қауіп төндіріп, ұлт саулығына секем түсірді. Мемлекет басындағы азаматтарымыздың тынымсыз тірлігі мен ақ халатты абзал жандар мен тәртіп сақшыларының арқасында аурудың алды алдынып, халықты індеттен барынша қорғап жатыр. Күні кеше Елбасымыз Н.Назарбаев халыққа өзінің үндеуін жариялап, «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деп баршамызды бірлікке шақырды.  Өз тәуелсіздігін алғанға дейін еліміздің басынан небір тар жол тайғақ кешулер өтті. Барлығын да ата-бабаларымыз бірілік пен ынтымақтың арқасында жеңіп келді. Қазіргі ел басына түскен қиын күндерді де дәл солай еңсеретініміз анық. Елбасымыздың да айтпағы да әлеуметті әбігерге салған короновирус індетімен бірлесе күресіп, ынтымақтаса әрекет ету. «Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ»,- деген Елбасы сөзі бәрімізді қуаттандырып, сенімімізді нығайта түсті. Біздер де мемлекетке иек артып отырмай өз тарапымыздан қолдан келгенді жасауымыз керек. Тәртіпке бағынып, үйде болғанымыз жөн. Елбасымыз аға буынға зор сенім артып, халықты ынтымаққа, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеуге шақырды. Әсіресе жастарды еңбекке, білім алуға, қатарының алды болуға тәрбиелеуді тапсырып, ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміздің салмағын айқындап берді. Әжелер – бір-бір үйдің ақылшысы, мәуелі бәйтерегі. Өскелең ұрпаққа жол көрсетіп, ұлттық тәрбиенің дәнін себуші жандар. Сондықтан да осындай қиын күнде отбасын ошақ қасына жинап, ұрпағының амандығын тілеп, елді бірлікке ұйыстыратын әжелердің де орны ерекше екені рас. «Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бір-бірімен етене, егіз ұғымдар. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды» деген Елбасының сөзіне кәміл сенеміз. Әрбір шаңырақтағы аналар да қолынан келгенше қолдау көрсетіп, аты жаман індеттен арылуға өзінше үлес қосатынын айтқым келеді.

Мәрия Сихимбаева,

Аудандық Аналар кеңесінің төрағасы.

ТАЛҒАР-АҚПАРАТ