Бірыңғай тақырыптық қабылдау

Бірыңғай тақырыптық қабылдау

«Кедергісіз келешек» жобасы

       Жуырда Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту туралы тапсырмасын орындау мақсатында «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Кедергісіз келешек» партия жобасы аясында «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды Бірыңғай тақырыптық қабылдау» Республикалық акциясы өткен болатын. Қабылдауға аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков пен партияның жауапты қызметкерлері, Алматы облысы бойынша №4 МЭС бөлімінің басшысы Абдумалик Қожахметов, Талғар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жаден Байсбаев,  аудандық мәслихат депутаты, аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Қайрат Исабаев пен мүгедектердің құқықтарын қорғау мақсатында жұмыс атқаратын қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып отырды. Қабылдауға келген Кеңдала ауылының тұрғыны Нұрғали Жұмабаев мүгедектікке шығудың жолдарын сұрап келген. Күн өткен сайын денсаулығы нашарлап, жүріп-тұрудан қалған азамат жақыдарының көмегіне жүгініп отыр. Жұбайының атпалдай азаматты күтімдеуі ауырлық туғызады екен. Ал әскери қызметте жүрген баласын қасына алдыру үшін әкесінің мүгедектігін растайтын құжатты қажет етіпті. Дәрігерлер аталмыш құжатты рәсімдеу үшін жол көрсетіп, кеңес берді. Келесі кезекте сөз алған Бесағаш ауылының тұрғыны, 3 топтағы мүгедек, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған Д.Оразмұхамедова өзіне берілген мүгедектік топпен келіспейтіндігін айтып, қайта медициналық сараптама жасуды сұрады. Бүгінгі таңда денсаулығы жеңіл жұмысқа да жарамайтынын айтып, қызы Б.Өмірзаққа да мүгедектік беру туралы өтінішін білдірді. Бұл азаматтың мәселесімен толық танысқан басшылар медициналық сараптама негізіне сүйеніп, заң аясында шешім қабылдайтындықтарын айтты.  Сонымен қатар, мәселенің оң шешім табуына партия тарапынан ықпал ететіндігімізді де ескерттік. Ал Қанат Қажиев атаулы әлеуметтік көмек мәселесін алға тартты. Бұл мәселе бойынша арнайы комиссия жұмыс жасап, мәселенің мән-жайы анықталатыны, бұл күнгі көтерілген мәселенің барлығы партия басшылығының назарында болатындығы айтылды.

Перизат Нұрқаева,

«Талғар».