Ізгілікті жанның жақсылығы көп

Ізгілікті  жанның жақсылығы көп

Қандай қоғамда өмір сүрмесін, өзі өмір сүрген қоғамына адал қызмет етіп, қарапайым жүріс-тұрысымен, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетіп, бір қалыптан ауытқымайтын жандар болады. Мен солардың қатарына, Талғар ауданы әкімдігіндегі тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық саласында ұзақ жыл қызмет етіп, биыл жеті асу-жетпіс жасқа келіп отырған Ізтілеуов Сайлаубек есімді ел ағасын жатқызар едім.

Ол Бақанастың тумасы еді. Сәби шағынан әкесінің ағасы Ізбасардың қолында тәрбиеленген ол Ізбасар қария мен Сырғаш анасының тәлім-тәрбиесін алып өседі. Ізбасар қария Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер, ІІІ-Беларус майданында соғысып, Кенигсберг қаласын азат етуге, шығыстағы Германияның одақтасы Жапонияны да тізе бүктіруге қатысқан қазақ солдаты болатын. Елге оралған соң ұзақ жыл ел басқарып, партия-кеңес жұмыстарында жүрген Ізбасар қария Сайлаубекке қашан да халық үшін еңбек етуге тиіс екенін санасына құйып кеткен ақылман жан болды. 1966 жылы Бақанаста мектеп бітірген жас жігіт сарбаздық міндетін Украинаның Львов қаласы маңындағы ракеталық атқылау бөлімінде өткеріп, екі жылдан соң елге оралған жылы Алматыдағы политехникалық институтының студенті атанды. Аталмыш оқу орнын «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша бітірген жас жігіт еңбек жолын Балқаш ауданындағы «Бақбақты», «Ақдала» совхоздарында өндіріс шебері, прораб, аға инженер болып қызмет атқарып, 1991-1997 жылдары «Жеңіс» ауылында директордың ауылшаруашылығы саласындағы орынбасары, әрі совхоздағы 50-ден астам КПСС мүшелеріне басшылық жасайтын, партия ұйымының хатшысы қызметін қоса атқарды. «Қарапайымдылық – жасыл алқап, адамгершілік – онда өскен гүл сияқты» – деп шығыс даналары айтқандай, қашан да қарапайым, сыпайы мінезімен елге жағатын Сайлаубек Ізтілеуов 1997 жылы дәм-тұз айдап Талғарға келген еді. Білікті маманды құшақ жая қарсы алған сол кездегі Талғар ауданының әкімі Кенжебек Омарбаев оны сол кезде жұмысы ақсап тұрған қаладағы тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық саласына жіберген еді. Сол бір жылдары аудан, қала басшыларына ел басқару өте қиынға түсті. Барлық сала қаражат жоқтығынан ақсап тұрған. Міне, сол кезде аудан әкімінде ЖКХ, тұрғын үй және жарық, автомобиль жолдары, су жүйелері саласындағы түйткілді мәселелерді аудан мамандарымен бірлесе шешетін Сайлаубек Ізтілеуов аудан экономикасының бірте-бірте сауығып кетуіне өз үлесін қосқан жан болды. Содан кейінгі жылдары аудан әкімдігінде құрылыс-архитектура бөлімінде бас маман болып қызмет атқарған Сайлаубек Ізтілеуов өзінің тиянақты ісі арқылы істің көзін білетін білгір маман ретінде халықтың жүрегінде қалды. 2012 жылы зейнет демалысына шыққан Сайлаубек Ізтілеуов бұл күндері жұбайы Зейнегүл Балтабекова екеуі 1 ұл, 3 қызынан тараған оншақты немерелерінің қызығын көріп отырған ел ағасы. «Дүниеде пендеге берілетін барлық сыйлықтардың ең үлкені – оның артында қалатын жақсы аты, мейірімі мен қайырымдылығы» – деп шығыс ойшылы Сағди айтпақшы, биыл 70 жасқа толып отырған ел ағасы Сайлаубек Ізтілеуовтей ізгілікті жанға ел-жұрты бар жақсылықты тілейді.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».