Мемлекеттік рәміздер – елдіктің нышаны

Мемлекеттік рәміздер –  елдіктің нышаны

Жуырда аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Ахмет Әшімахұнның қатысуымен «Мемлекеттік рәміздер-елдіктің нышаны» атты тақырыпта семинар өткен болатын. Семинарға Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Бақытжан Мұхтаров қатысып, аудан басшысының орынбасарлары, бірқатар бөлім, мекеме басшылары мен қала, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары шақырылды.

Мемлекеттік рәміздер – егемен еліміздің берік негізінің бірі екенін, мазмұнына өрнегі жарасқан Тәуелсіздіктің қасиетті туын қастерлеу барша қазақстандықтың парызы екенін айтқан аудан әкімінің орынбасары Ахмет Әшімахұнұлы мемлекеттік рәміздерді дұрыс пайдаланып, қастерлеу мақсатында 2007 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы қабылданып, арнайы ұлттық стандарттар бекітілгенін еске сала кетті. Содан кейін жиынның регламентін бекітіп, алғы сөзді Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Бақытжан Мұхтаровқа берді. Мұхтар Жаңабергенұлы рәміздердің талапқа сай орналасуы туралы сөз қозғады.

Еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілеріміздің белгіленген стандарттарға сай келуі мен орналасу тәртібі аса маңызды. Олар мемлекеттік ұйымдардың барлығында болуы шарт. Қолданыстағы заңға сәйкес мемлекеттік рәміздегі жалпы авторлардың идеясы, мазмұны сақталады. Елтаңбаның стандарты мен Тудың бояу тәсілінде өзгерістер бар. Стандартқа сәйкес Рәміздер жыртылған, кірленген болса оны қолдануға тыйым салынады. Мемлекеттік мекемелерге талапқа сәйкес мемлекеттік рәміздерді орнатуға 1 жұмыс күні беріледі. Егер осы уақыт ішінде ауыстырылмаған болса айыппұл салынады. Семинарда әрбір мекеме басшысы мемлекеттік рәміздерге ұқыппен қарап, уақытылы ауыстырып, егер ескірген болса жою жұмыстарын жүргізуге үлкен жауапкершілікпен қарау керектігі айтылды. Ал мемлекеттік құрылымдардың жетекшілері рәміздердің жаңа стандартын сақтап тиісті деңгейде қолданылуын қадағалауы керектігі тапсырылды. Мұхтар Жаңабергенұлы жиынға қатысушылардың рәміздердің белгіленген стандарттарға сай келуі мен орналасуына қатысты қойған сұрақ-сауалдарына да жауап берді. Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Ахмет Әшімахұнұлы бүгінгі күні ауданымызда 98 мемлекеттік мекеме жұмыс жасайтынын айтып, олардың барлығында ұлттық стандартқа сай рәміздер орналасқанын жеткізді. Мемлекеттік рәміздердің стандартқа сай орналасуын бақылау жөнінде арнайы комиссия құрылып, жұмыс жасап, мекемелерді бақылауға алып, жоспарлы түрде рейдтік тексерістер жүргізіп келе жатқанын айтты. Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу мақсатында қабылданған заңға сәйкес жыл сайын маусым айының 4-күні «Мемлекеттік Рәміздер күні» аталып өтіп, түрлі шаралар жүзеге асып жататынын да тілге тиек етті.

– Мемлекетіміздің рәміздері біздің халқымызды, көп ұлтты Қазақстан жұртшылығын ортақ мақсатқа жұмылдырып, қасиетті істерге шақырып, жігерлендіріп, рухтандырып тұрады. Рухани ұлтжандылық сезіммен мемлекеттік рәміздердің терең мағынаға ие екендігін бүгін тағы дәлелдеп, еліміздің елдігі болған рәміздерімізді дұрыс пайдалану жайлы семинардан мол мағлұмат алдыңыздар деп ойлаймын, – деп жиынды аяқтады аудан әкімінің орынбасары.

Перизат НҰРҚАЕВА,
«Талғар».