Ардагерін ардақтаған ел айбынды

Ардагерін ардақтаған ел айбынды

Адамзат тарихында қаһарлы күндерімен жазылған Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің биыл 75 жылдық мерекесін атап өтеміз. Жеңіс күні жақындаған сайын мерейлі сәттер де көбейе түсуде. Талғар қаласының Қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлімі осындай игілікті істің ұйытқысы болып келеді.

Жуырда аталмыш бөлімнің қызметкерлері кеңкөлемді «Ардагерім-ардағым» акциясы аясында қаламыздағы Ұлы Отан соғысының ардагері Жұмабек Сапаровтың отбасында болды. Талғар қаласының Қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлімі бастығының орынбасары Ермек Сағынбеков, сержант Талғат Шубеков, бөлім қызметкерлері Салтанат Алпысбаева мен Любовь Балжик қарт майдангердің хал-жайын сұрасып, тұрмысымен танысты. Өзіне етене жақын әскери қызметкерлердің келгеніне балаша қуанған қария қонақтарды жылы шыраймен қарсы алды. Бір бірін емен-жарқын әңгімеге тартып, жағдай сұрасты. Атамыз өмірінен сыр шертіп, өскен ортасын, басынан өткен қиын күндерін тілге тиек етті.

Жұмабек атамыз 1942 жылы күзде әскерге аттанған. Еліміздің қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевпен бірге бір бөлімде әскери дайындықтан өтіп, қолына қару алған. Өзі аласа бойлы, дене бітімі де арықтау болса да оны бірден десанттық әскери бөлімге жіберген екен. Дайындықтан өткеннен кейін бірден 104-ші әуе-десанттық бөлімге түсіп, жауға қарсы ұрыстарға қатысыпты. Әуеден 153 рет секіріп, Украин жерін азат етуде ерлік көрсеткен. Ұлы Отан соғысынан подполковник шенімен елге оралған Жұмабек атамыз өмірінің жарты ғасырдан астамын Талғар қаласында өткізіп, қасиетті жердің топырағын қадір тұтып келеді. Қаламыздың кезіндегі келбетін еске алып, қазіргі тыныс-тіршілігін әңгіме етті. Қашанда назарынан тыс қалдырмай, құрмет көрсетіп жүрген басшылар мен мектеп ұжымдарына ризашылығын білдірді. Бұл жолы да өзіне көңіл бөліп, жөн сұрай келген Талғар қаласының Қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлімінің қызметкерлеріне алғысын айтты. Ал олар өз тарапынан қарт майдангерлерге қашанда қамқорлық танытуға дайын екендіктерін жеткізді. Жұмабек атамызға денсаулығын түзеп келуі үшін госпитальға жолдама сыйға тартты.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар».