9 ақпан – Мұқағали Мақатаевтың туған күні
Қазақтың ақиық ақыны, қазақ поэзиясының Алатаудай алыбы Мұқағали Мақатаевтың туған күні де жақын қалды. Бүгінде ақынның туған күні – қазақ поэзиясының үлкен мерекесінің біріне айналып үлгерді. Бұл күнді қазақ елі ғана емес, алаш баласының аяғы жеткен жердің бәрі атап өтіп, әбігерге түседі. Осының өзі ақиық ақынға деген үлкен құрметтің белгісі.
Ақын ағамыздың туған күнін қаламыздағы үздік балабақшаның бірі – №7 «Айгөлек» бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушілері де атап өтті. «Әр өлеңі-бір әлем» атты әдеби-сазды кешті балабақшаның музыка пәнінің мұғалімдері ұйымдастырды. Әсем безендірілген сахна төріне қойылған экран арқылы ақынның өмір жолы суреттеліп тұрды. Кешті жүргізген Айгүл Өмірбайқызы сыршыл ақынның өмір жолына шолу жасап, отбасы туралы айтып өтті. Содан кейін кішкентай бүлдіршіндерге кезек берді. Ақынның ғұмырлы поэзиясы бүгінгі таңда барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналғаны рас. Мұқағали ақынның әр өлеңі өзінің мағынасымен, шынайылығымен, тазалығымен оқырманын өзіне баурап алады және ой салады. Саф алтындай поэзиясын бір елдің мұрасындай етіп қалдыра білген ақынның өлеңдері өзі айтқандай талай болашақтарға көшетіні шындық. Ақын ағаларының «Үш бақытым», «Шеше, сен бақыттысың», «Отан», «Туған күнім», «Ана», «Пай-пай, шіркін» өлеңдерін кезекпе-кезек мәнеріне келтіре оқыған бүлдіршіндерге қарап соны ұққандай болдық. «Балдәурен» тобының өнерпаздары мыңбұрала «Шашу» биін білеп берсе, «Болашақ» тобының қыздары Інжу Құрманжан мен Хадиша Тұрсынжан әсем әндерін орындады. Музыка пәнінің мұғалімдері А.Өмірбайқызы, Б.Қалбаева, А.Макетаева, Н.Матышевалар Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың», «Сарыжайлау», «Ауылға қайтқым келеді» әндерін нақышына келтіре орындап, көрерменді тәнті етті. Ақиық ақынның «Ғашықпын» өлеңін Айгүл Өмірбаева оқыса, поэзия падишасы Фаризаға арнап жазған «Фариза» өлеңін Арайлым Макетаева Мұқағали образына ене отырып, тыңдарманға жүрекпен жеткізді. «Махаббат диалогын» орындаған Бақытгүл Қалбаева мен Арайлым Макетаеваның актерлік шеберліктері де көңілден шықты. «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім» деп ақын өзі жырлағандай өзі өмірден өтсе де өлеңдері мәңгі жасап келе жатқан ғасыр ақынының ой айтудағы өткірлігі, батылдығы көпке үлгі боларлықтай. Қара өлеңнің құдіретін аспанға көтерген нар тұлғаның есімі биіктен көрініп, поэзиясы әрбір мезгілмен, әр ұрпақпен бірге жасай беретіні анық.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».