Кандидаттармен таныстырды

Кандидаттармен таныстырды

Күні кеше аудандық кітапхананың оқу залында аудан әкімі Жолан Омаровтың жергілікті қоғамдастықпен келісу жиыны өтті. Ондағы мақсат – Талғар қаласының әкімі Жандос Әуелбаевтың басқа мемлекеттік лауазымға ауысуына байланысты Талғар қаласы әкіміне кандидаттарды ұсыну болатын. Жиынға ауданымыздағы барлық қоғамдық ұйым жетекшілері мен қала белсенділері, аудандық мәслихат депутаттары, кварталды комитет жетекшілері шақырылды. Аудандық сайлау комиссиясының шешімімен Талғар қаласы әкімінің сайлауы үстіміздегі жылдың 19 желтоқсанында өтетін болып бекітілген еді.

Жиынды ашып, жүргізіп отырған қала әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақыт Күрішбеков сөзді аудан әкіміне берді. Жолан Ыбырайақынұлы жиылғандарға мәселенің мән-жайын түсіндіріп, қала әкіміне кандидат азаматтарды таныстырды. Барлық үміткерлердің өмірбаяны мен еңбек жолына тоқталып, жергілікті қауымдастық мүшелерінің ой-пікірлерін тыңдады. Кезекпе-кезек сөз алған халық жанашырларының барлығы да ең маңыздысы қаламызға өз ісінің білікті маманы, қаламызды көркейтіп, гүлдендіруге бар күш-жігерін жұмсайтын азаматтың басшы болғанын қалайтындықтарын жеткізді. Бүгінгі күнге дейін қала әкімінің қызметін атқарған Жандос Әуелбаевтың да іскерлігін, еңбекқорлығын алға тартып, ризашылықтарын білдірді. Қала әкімін аудандық мәслихат депутаттары дауыс беру арқылы сайлайтын болғандықтан аудан басшысы жиын барысында қоғам белсенділері тарапынан айтылған ұсыныс-тілекті халық қалаулыларына жеткізетінін айтты.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар».