Соңғы жылдары дінге қатысты мәселелер өзінің өзектілігімен өткір тақырыптардың біріне айналып отыр. Қоғамның ішкі тұрақтылығы мен тыныштығын, бірлігін сақтау мемлекеттік өсіп-өркендеуінің ең басты факторы. Бұл ретте тәртіп сақшыларының білікті іс-қимылы, қауіптің жолын кесе білуі маңызды. Бүгінде дін атын жамылған теріс ағымдардың қоғамға тигізер зияны мен зардабын жоққа шығара алмаймыз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеудің» маңызы дін мәселесіне де қатысты. Ол үшін ең алдымен халыққа дұрыс бағыт-бағдар беретін түсіндіру-ақпараттық жұмыстарын жүзеге асыру керек.
Осыған орай өткен аптада Талғар ауданының «Ішкі саясат бөлімі» ММ тапсырысымен дін өкілдері аудандық Ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның талаптарына сәйкес, экстремизмнің алдын алуға бағытталған ұйымдастыру тәжірибелік іс-шарасына арнайы келген Бишманов Кәкімжан Мұратжанұлы тақырып аясында тұщымды баяндама жасап, радикалдық, деструктивті бағыттағы ағымдардың шығуы, олардың белгілері мен жұмыс жасау әдістері туралы, сонымен қатар қоғамға тигізер зардаптарының алдын алып, алғышарттарды анықтау жайында кеңінен түсіндіріп берді. Кездесу соңында жиналғандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Дін өкілдері жастармен кездесті
Алматы облысы Дін істері басқармасы жанынан құрылған «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ облыс аумағындағы тұрғындар арасында, оның ішінде жастар аудиториясын қамтып дін тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жалғастырып келеді. Осы аптада сала мамандары ауданымызда орын тепкен барлық колледждерде болып, ондағы жастармен кездесулер ұйымдастырды. Атап өтсек, Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған Тұжырымдамасы, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және «Жастар жылы» аясында өткізіліп отырған бұл күнгі ақпараттық-түсіндіру іс-шарасына Алматы облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» директоры Нұрлан Адетов, аталмыш орталықтың бөлім басшысы Айбек Бабатай, орталық инспекторы, теолог маман Қанат Мүтебаев және қызметкерлері қатысты.
Белгілеген кестеге сай ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы М.Бейсебаев атындағы «Агробизнес және менеджмент колледжінде өткен басқосудың мақсаты мен қамтылатын тақырыптардың маңыздылығы жайында қысқаша түсінік берген Н.Адетов алғашқы сөз кезегін Айбек Бабатайға ұсынды. Слайдтар арқылы нақты дәйекті деректер мен маңызды мағлұматтарды көрсете отырып, сөзін жүйелей жеткізген дін маманы ғаламтор желісі арқылы келіп жатқан ақпарат тасқынына сергектікпен қарап, ой сүзгісінен өткізе білуге шақырды. Ал орталық инспекторы, теолог маман Қанат Мүтебаев болса асыл дініміздің құндылықтарын дәріптей келе, туыстық қатынастың маңыздылығы жайында, білім мен ғылымның пайдасы, уақыттың қадірі туралы дін мен дәстүрді сабақтастыра жеткізді.
Кездесу соңында колледж директоры Жақсылық Сатылғанов пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Толқын Саметова тағылымға толы басқосуды ұйымдастырып, жастарға бағыт-бағдар берген дін саласының білікті мамандарына өз ризашылықтарын білдірді.
Райхан Азимова,
«Талғар»