Жаңа төраға сайланды

Жаңа төраға сайланды

Өткен аптада аудан әкімдігінің кіші залында, ауыл әкімдері, шаруа қожалықтарының жетекшілері, өндірістік кооперативтердің төрағалары және агроөнеркәсіп кешені маңайында жүрген кәсіпкерлер жиналған алқалы жиын болып өтті. Оған Қазақстан фермерлер одағы төрағасының орынбасары Жақып Мейірханұлы, Қазақстан фермерлер одағы Алматы облысы филиалының төрағасы Ақшабай Керімбеков және республикалық фермерлер одағының Алматы облысы бойынша филиалының менеджері Сейілхан Нұрашевтар қатысып,Талғар кәсіпкерлері алдында ауылшаруашылығы саласындағы түйткілді мәселелер жөнінде сөз қозғады. Осы алқалы жиында сөз алған фермерлер одағының Алматы облысы бойынша менеджері С.Нұрашұлы Талғар ауданының 9 айдағы өндірістік саладағы табыстары мен іске асырылған жұмыстардың қорытындысы жайлы баяндады. Ол аудан бойынша «Сыбаға» бағдарламасы аясында «Алимжанов» шаруа қожалығында Ресейден әкелінген 64 бас «Калмыцкая» асыл тұқымды құнажын сиырлардың өсіріліп, ет бағытындағы фермада үлкен іс атқарылып жатқанын, ал «Алтай» жеке шаруа қожалығында Қарағанды облысынан сатып әкелінген «Симменталь» асыл тұқымды сиырлардың бағылып жатқанын тілге тиек етті. Ауданда 9 айда 8811 тонна ет (100,1%), 49114 тонна сүт (111,2%), 21355 млн.дана жұмыртқа (107,0%) өндірілгені жайлы баяндамада сөз болды. Бұл күндері ауданда 19 кооператив жұмыс жасап, 5000 тонналық жеміс өнімдерін сақтайтын қойманы іске қосқан «Баймене» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 1,0 га алқапқа құны 400 млн. теңге құрайтын жылыжай кешенін салған «Еңбек» шаруа қожалығының игілікті жұмысы, «Алель-Агро» акционерлік қоғамының 450 адамды қамтитын мал соятын цех құрылысының өз жұмысын бастайтын уақыты 2020 жылы деп күтіліп отырғанын баяндамашы көпшілік алдында баяндап берді. Ауылшаруашылық саласы өте күрделі, күрмеуі көп, ішкі және сыртқы нарықтағы сауданы саралап, бір орталықтан басқарылып отыратын «Фермерлер бірлестігі» болмаса, фермерлер жеке-жеке еңбек ететін шағын шаруа қожалықтарының жұмысы оңға баспайтыны жиналыс барысында сөз болды. Осы жиында Қазақстан фермерлер одағы Талғар аудандық филиалының төрағасы болып Нұра ауылдық округіндегі «Алға, Нұра» өндірістік кооперативінің жетекшісі Құтмағанбет Қонысбаев сайланды және көпшілік фермерлердің ұсынысымен 11 адам осы ұйымға мүше болып кірді.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».