Жуырда аудандық «Nur Otan» партиясының мәжіліс залында партияның Саяси кеңесінің отырысы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы мен аудандық мәслихат хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы бастап аудандық Саяси кеңес мүшелері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, жастар және БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды аудандық партия төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова ашып, жүргізіп отырды. Саяси кеңес отырысының күн тәртібінде бір ғана мәселе қаралды. Кеңес мүшелері «Өңірлерді дамыту бағдарламасы және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы атқарылған жұмыстар» бойынша аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлының есебін тыңдады.
– Мемлекеттік қызмет көрсету – бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі болып саналады. Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы – мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың басты өлшемі болып табылады, себебі мемлекеттік органдардың басты мақсаты азаматтардың өмір сүруіне тиісті жағдай жасау, мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімін көтеру,- деп есепті баяндамасын бастаған аудан әкімінің орынбасары ауданымызда 23 мемлекеттік, 51 аудан әкімдігіне ведомствовалық бағынысты мекемелер мемлекеттік қызмет көрсететінін айтты. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында 140056 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде 19533 қағаз түрінде болса, 99951 электронды түрде, 20572 мемлекеттік корпорация арқылы екен. Сонымен қатар Елбасы Жолдауында көрсетілгендей мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен халықтың ақпаратқа қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ауданымызда 198 өзіне-өзі қызмет бұрыштары ашылып, қамтылу деңгейі 87 пайызды құраған. Жақын күндері 10 «Қазпошта» филиалдарында және 20 дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік пунктердің ғимараттарында өзіне-өзі қызмет бұрыштарын ашу жоспарланып отырғанын да айтты. Баяндама барысында Дәрменияр Алғатбекұлы мемлекеттік қызметтік электронды түрінің қолданысын кеңейту үшін, мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде орын алатын әкімшілік кедергілерді азайту, халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуге бағытталған шараларды да тілге тиек етті. Әсіресе, мүгедектігі бар жандарға жағдай жасап, оларға қолжетімді орта құрып, қоғамнан тыс қалмауын ерекше назарға алғандығын жеткізді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жетілдіру алаңдарының бірі – әкімдік жанындағы қоғамдық кеңестер болып табылатынын қоғамдық кеңес тарапынан жүзеге асып жатқан шаралар легін баяндап берді. Мемлекеттік қызмет көрсететін мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне мемлекеттік қызметтер саласы бойынша айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстарды аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімшесінің бақылауда болып, тиісті талдау жүргізілген соң қоғамдық кеңестің отырысында қаралатыны да айтылды.
Әрине, мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Өйткені елдің ертеңі мемлекеттік қызметшілердің бүгінгі жұмысына тікелей байланысты. Бір сөзбен айтқанда, мем-лекеттік қызметші билік пен халық арасын жалғайтын алтын көпір іспеттес. Бүгінгі заманның мемлекеттік қызметшілерге деген талабы өте жоғары. Бүгінде мемлекет алдында тұрған өзекті шараларды жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер екендігін ескерсек, бұл тұрғыда мемлекеттік қызметшілер басқаларға өзінің ісімен, әділдігімен, сабырлылығымен, қарапайымдылығымен, білімімен, тәжірибесімен, жүріс-тұрысымен үлгі болуы керек. Баяндамашыны тыңдап болған соң кеңес мүшелері көтерілген мәселе бойынша қаулы қабылдады.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».