Әскерге бару – азаматтық парыз

Әскерге бару – азаматтық парыз

Өткен аптаның жұмасы аудан тұрғындары үшін ерекше толқынысқа толы күн болды. Оған себеп ел үмітін арқалаған ұлдарды Отан алдындағы перзенттік парызын өтеуі үшін әскерге шығарып салу салтанатты рәсімі өтті. Дәстүрлі түрде өтетін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштер қатарына мерзімді әскерге шақыртуға арналған «Әскерге бару азаматтық парызым» атты салтанатты жиыны бұл жолы да өз деңгейінде аталып өтті. Бойын намыс билеген болашақ сарбаздардың қай-қайсының болмасын жанарынан өр рухты аңғару қиын емес-ті.

Салтанатты жиынға қонақ болып, ақ батасын арқалай келген ауданға сыйлы азаматтармен қатар, жас жауынгерлердің туыстары қатысты. Алғашқы болып сөз алған аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Айдар Болатұлы болды. Өз баяндамасында әскерге аттанған әр жігіттің мерейінің артуы ауданымызға абырой екендігін айтып өтті. Сонымен қатар қонақтар қатарынан орын алған Ауған соғысы ардагерлері «Жауынгер» қоғамдық бірлестігінің интернационалист-жауынгерлерін «Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылуына 30 жыл» атты төсбелгісімен марапаттады. Келесі болып сөз алған ауданымыздың Құрметті азаматы, «Nur Otan» партиясының өкілі Найля Бейсенбайқызы сайдың тасындай іріктелген жас сарбаздарға жүрекжарды лебізін білдіріп, ақ бастасын берді. Буыны қатайған жастардың осы бір сыннан сүрінбеуін тілеген интернационалист-жауынгерлері «Соғыс көрген соңғы ардагерлер біз болайық, бейбіт күннің күзетшісі болып сендер жүріңдер», – деп сәттілік тіледі. Салтанатты жиынның жоғарғы деңгейде өтуіне үлес қосып әндерімен әрлеген ауданымыздың өнер көшін өрге сүйреген мәдениет майталмандары да төбе көрсетіп, ақ жарма тілектерін білдірді.

Қарулы Күштер қатарына мерзімді шақырту алған тоғыз жігітке ұйымдастырушылар тарапынан азын-аулақ сый-сияпаттарын жасады. Ел әскерінің қуатын нығайтып, Отан алдындағы азаматтық міндетін өтеуге аттанғалы отырған жігіттеріміз «аман барып, сау келсін» деген көңілді нотамен аталған шарамыз да соңына жетті.

Дархан ӘУК,
«Талғар».