Барахандар отбасы Талғар ауданының намысын қорғады

Барахандар отбасы Талғар ауданының намысын қорғады
«ЖАС ОТАУ» — ЖАС ОТБАСЫЛАР БАЙҚАУЫ
Ағымдағы айда Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы, Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен облыс орталығында «Жас Отау» облыстық жас отбасылар байқауы өтті. Жастарды отбасылық құндылықтарды құрметтей білуге шақыру, қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын және бірлігі мен тірлігі, достығы ұйыған отбасыларды жан-жақты насихаттай отырып, болашақ жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беру мақсатында өткізілген рухани тәлімі мол байқауға облысымыздың аудан-қалаларында өткен іріктеу кезеңінен бас жүлде иеленген 20-30 жас аралығындағы отбасылар қатысты.
Соның ішінде біздің ауданнан топ жарып, облыстық сында бақ сынаған Барахандар отбасы да бар. Білек күші мен білім күші, өнер м ен бірлік қатар сыналған дода 4 кезеңнен тұрды. Жүйрік болсаң, шауып көр кезеңі – Спорттық ойын түрлерінен жарыс. Бұл кезең отбасы мүшелерінің барлығының қатысуымен «Толағай» отбасылық ойыны түрінде өткізілді. Келесі «Ата көрген оқ жонар, Ана көрген тон пішер» кезеңі. Бұнда отбасы мүшелеріне үй шаруасына байланысты жеке тапсырмалар берілді. Отаналары қамыр илеп, бауырсақ пісірсе, отағалары ат ерттеп, қол күресіп, қошқар көтерді. Сондай-ақ, аталған тапсырмаларды орындау барысында арнайы дайындалған сұрақтарға да жауап берді. Ақтық сын «Өнерліге өріс кең» деп аталды. Отбасы мүшелері өз бірлігін танытып, өнерлерімен шашу шашты.
Ауданымыздың намысын қорғаған Барахандар отбасы Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас пен Жастар ресурстық орталығының директоры Жайық Тазабекұлының арнайы алғыс хаты мен сыйлығына ие болды. Отбасы – мемлекетіміздің ең маңызды құндылығы. Аталған шара осы құндылығымыздың ұлықталған күні болды.
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ
TELEGRAM  КАНАЛЫМЫЗҒА ЖАЗЫЛЫҢЫЗ!