Бірлестіктің берекелі тірлігі
«Самға-Н» мүгедектер қоғамдық бірлестігі құрылғалы бері қайырымдылық істерді жиі ұйымдастырып, мүгедек жандарды қолдап келеді. Сондай игі шаралардың легін жалғастырған қайырымдылық шарасы Іле, Қарасай, Талғар ауданы мүгедектерінің басын қосты. «Феруза» мейрамханасында жайылған дастарханға шақырылған мүмкіндігі шектеулі жандардың ризашылығында шек болмады. Бірлестік төрайымы Назгүл Рысбаева игі шараға демеушілік жасаған «Арынғажы» мешітінің имамдарына, «Фирдауси» ЖК ұжымы Бағдат ундибаев пен Орынбасар Сейітханов, актер Серікбол Күнболатұлына зор алғысын білдірді. Шараға Б.Имашев, С.Әуезхан сынды айтыскерлер, А.Сманов, Е.Ақатаев сынды имамдар, Ғ.Мүсірепов атындағы жастар және балалар театрының ұжымы мен белгілі сахна жұлдыздары қатысып, ән мен жырдан шашу шашып, көңілі пәс жандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Және бір «бәрекелді» дегізер жаңалық аталмыш бірлестіктің құрылтайшысы Айдос Аукен дене мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен республикалық интеллектуалды үстел ойындарынан үшінші орынды қанжығасына байлап қайтты. Облыс орталығында өткен жарысқа республиканың алты қаласы мен аудандардан қатысқан үміткерлер арасында үздік үштікке ілінген Айдос мұндай жарыстар өтуі өздерінің жеке тұлға ретінде дамуына сеп екенін айтады. Сондай-ақ, осы жарыста Алматы облысы екінші орынды алған еді.
Меруерт БӨЛЕК