Жастар үшін тиімді шаралар

Жастар үшін тиімді шаралар

Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының жұмыс тобы өңірлерді аралап, жастармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Ондағы мақсат – қоғамның өзекті проблемасына айналған жастар арасындағы психологиялық мәселелерді алдын алу, NEET санатындағы жастардың санын азайту, сыбайлас жемқорлықпен күрес, этносаралық келісімді насихаттау, өңірімізде жас еріктілер қозғалысын дамыту және жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау. Жуырда ауданымызға келген Жастарға қызмет көрсету орталығы мен «Алматы облысының ауыл жастарының одағы» ЖҚБ, «YERKIN» Өнер Академиясы» ЖҚБ мамандары аталған мақсат төңірегінде психологиялық тренинг өткізді. Талғар медициналық колледжінде «Өмір өзіммен ғажап, әлем менімен әдемі» атты семинар-тренингке студент жастардан бөлек жас мамандар да қатысты. Кездесуде сөз алған рухани-адамгершілік, құқықтық тәрбие беру бөлімінің басшысы Мейрамбек Саятұлы, тренингті психолог Әдемі Рысбекқызы күн тәртібіндегі жастар арасындағы өзекті деген мәселелерге тоқталып, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Семинар қорытындысы бойынша қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

Дәл осындай кездесу ҮЕҰ- мен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Ержан Даулетбаев, Алматы облысының Жетісу еріктілерінің мүшесі Жазель Дакубаеваның қатысуымен де жүзеге асты. Олар да жастар үшін мемлекеттің ұсынып жатқан тиімді бағыттарын тілге тиек етіп, мүмкіндікті пайдалануға шақырды. Келесі кездесу «Ел болашағы жалынды жастар» тақырыбында өрбіді. Басқармадан келген жоғарыда аты аталған мамандар «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі» және «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамыту мемлекеттік бағдарламаларын түсіндірді. Аудандық пробация қызметінің бастығының орынбасары, әділет майоры А.Турежанова және аудандық пробация қызметінің аға инспекторы, әділет майоры А.Сейтимов, аудандық пробация қызметінің аға инспекторы, әділет капитаны А. Изенбаевтар өз баяндамаларын оқыды. Кездесу соңында сөз алған аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі З.Қалымбетова мұндай басқосулардың жастар үшін пайдасы зор екендігін алға тартты.

Меруерт Бөлек,
«Талғар».