Талғар ауданының жастар ресурстық орталығының психолог маманы Шубекова Ақмарал Ақпаржанқызы өз міндетіне кіріскелі аудан жастарының психологиялық сауаттылығын арттыруда нәтижелі еңбек етіп келеді. Түрлі коучингтер мен іс-шаралар ұйымдастырып, өтпелі кезеңдегі психологиялық көмекке зәру жасөспірімдерге қолдау таныту үстінде. Жуырда жоғарғы сынып оқушылары арасында өткізілген «Жастар – өмір жалғасы» атты тренинг сабағы да сол іс-шаралардың бір парасы.
Мектеп бітіруші түлектердің алдында ҰБТ сынды үлкен сынақ тұрады. Бүгінде болашағы сол сынақ арқылы анықталатын болғандықтан, оқушылар оған жан-тәнімен дайындалатыны сөзсіз. Ал күтілмеген нәтижеге кезіккенде моральдық тұрғыдан төмендеп, тіпті өмірден баз кешіп жатады. Сол балл өмірде маңызды рөл ойнамайтынын білмей, өмір сол ҰБТ-дан кейін тоқтап қалғандай депрессиялық күй кешеді. Міне осы жайттардың басын ашып, жоғары сынып оқушыларын сынақ тапсыру кезінде сынбауын, бұл өмірдің кезекті күресі екендігін көрнекіліктер, түрлі жаттығулар арқылы түсіндірген тренер Ақмарал Ақпаржанқызының айтқандары көп жасқа ой салды. Өз-өзіне деген сенімдерін күшейтіп, өзіндік «Мен»-дерін бағалауға талпынтты. Өзіне өзі қол салу – тығырықтан шығар жол емес екендіктерін түсіндірді.
Психологтың кеңесін жадысына түйіп алған жастар мұндай тренингтің жақсы әсер сыйлайтынын жеткізді. Ой-саналары шыңдала түсіп, бұлттың артынан күн шығатынына сөзсіз сеніп тарасты.
Меруерт Бөлек,
«Талғар».